Live

Тәжікстан тұрғындары күн сайын 20 минут жаттығу жасауға міндеттелді

Тәжікстанда жұмыс күніне міндетті түрде 20 минуттық үзіліс енгізілді. Алайда бұл түскі асқа немесе кофе ішуге арналған уақыт емес.

Г

 Енді жұмыс берушілер қызметкерлер үшін күн сайын дене шынықтыру жаттығуларын ұйымдастыруға міндетті.

Жаңа талап елдің Денсаулық сақтау кодексіне енгізілген түзетулер аясында қабылданды. Тәжікстанның әділет министрі Музаффар Ашуриённың айтуынша, бұл норма меншік түріне қарамастан барлық ұйымдарға қатысты болады.

«Жұмыс берушілер мен лауазымды тұлғаларға күніне кемінде 20 минут тұрақты дене жаттығуларын өткізуді қамтамасыз ету міндеті жүктеледі», – деді министр.

Тек қысқа сергіту үзілісін жариялау жеткіліксіз. Ұйым басшылары қызметкерлердің спортпен шұғылдануына жағдай жасап қана қоймай, өздері де дене белсенділігіне қатысуы тиіс.

Ашуриённың сөзінше, бұл жаңашылдық семіздік пен қант диабетінің алдын алуға, сондай-ақ халық денсаулығын нығайтуға бағытталған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Денсаулық сақтау кодексіне енгізілген өзгерістерге 17 маусым күні қол қойды. Бұл туралы мемлекеттік Ховар агенттігі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, қабылданған заңдар қант диабетінің алдын алу мен оны емдеу шараларын күшейтуге де бағытталған.

Айта кетейік, Тәжікстанда ұжымдық жаттығулар бұрыннан өткізіліп келеді. Кейбір мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлері оған ерікті түрде қатысып келген.

Ал 2018 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер қызметкерлері үшін сенбі күнгі таңғы жаттығу міндетті болған. Арнайы кесте бекітіліп, жаттығу өтетін орындар белгіленген. Сергіту жаттығулары таңғы сағат 07:00-де басталып, шамамен жарты сағатқа созылған.

Тегтер: Тәжікстан
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз