Live

Батыс Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны 17 есеге жуық өсті

Батыс Қазақстан облысында қызылша ауруын жұқтырғандар саны күрт артты.

Қызылша

 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өңірде 303 адам қызылшаға шалдыққан. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 18 жағдай ғана тіркелген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қызылша жұқтыру көрсеткіші 16,8 есеге өскен. Науқастардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Атап айтқанда, ауру жұқтырған әрбір он адамның тоғызы вакцина салдырмаған.

Өңірде үш мыңға жуық ата-ана балаларына екпе салдырудан бас тартқан. Дәрігерлердің айтуынша, кейбір ата-аналар мұндай шешімді интернетте тараған жалған ақпараттың ықпалымен немесе діни себептерге байланысты қабылдайды. Дегенмен түсіндіру жұмыстарынан кейін 600-ден астам ата-ана балаларын вакцинациялауға келіскен.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жоспарлы екпемен бір жастағы балалардың 85 пайызы, ал алты жастағылардың 75 пайызы қамтылған.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты облыста қосымша иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл вакцина сатып алуға 9 миллион теңге бөлініп, қосымша 3 мың доза алынған. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 15 мың доза вакцина қоры бар.

Мамандар қызылшаның өте жұқпалы вирустық ауру екенін ескертеді. Оның негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу және теріге бөртпе шығуы. Ауру асқынған жағдайда өкпенің қабынуына, жүйке жүйесінің зақымдануына және басқа да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: қызылша
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз