«Қазақстандық із» Ресейге дрон шабуылында күмәнді деп бағаланды
Украиналық дрондар Ресейге соққы жасау үшін Қазақстан аумағынан ұшырылған болуы мүмкін деген нұсқа шындыққа жанаспайды деп бағаланды.
Мұндай пікірді «Лента.ру»-ға берген сұхбатында әскери сарапшы, «Ватфор» жобасының теңқұрылтайшысы Сергей Полетаев айтты.
Оның сөзінше, Украина Қарулы күштері үшін дрондарды Қазақстан аумағынан ұшырудың еш мәні жоқ.
«Дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылды деу екіталай. Техникалық тұрғыдан оларды Украина аумағынан ұшыру әлдеқайда оңай әрі күмән тудырмайды», — деді сарапшы.
Полетаев бұған дейін Қазақстан аумағында дрондардың құлау оқиғалары болғанын да еске салды. Мысал ретінде өткен жылдың қазан айындағы жағдайды келтіріп, мұндай жайттардың бір реттік сипатта болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, сарапшы Қазақстанның Ресейге қатысты достық ұстанымда екенін де айтты.
Еске сала кетейік, 29 сәуірде Қазақстанда Ресей шекарасына жақын маңда дрон құлағаны туралы хабарланған болатын.
Бұған дейін, 25 сәуірде, дрон Ресейдің Екатеринбург қаласындағы тұрғын үйге соғылып, зардап шеккендердің көпшілігі түтіннен жеңіл уланған.
Аталған шабуылдан кейін Ресейдің еңбек сіңірген әскери ұшқышы Владимир Попов дрон Қазақстан аумағынан ұшырылған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Алайда бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай жағдайларда дрондардың қайдан және қалай ұшырылғанын анықтау арнайы қызметтер мен әскерилердің міндеті екенін мәлімдеді.