Екі әйелдің өліміне себеп болған жол апаты: прокурор айыпталушыға 5 жыл түрме жазасын сұрады
Орал қаласында екі туған апалы-сіңлінің өліміне әкелген резонанстық жол апатына қатысты сот процесі аяқталды. Айыпталушылар орнында 50 жастағы бұрынғы ІІМ қызметкері Рауан Избасаров отыр.
Бұл туралы "Мой Город" басылымы жазды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 қыркүйекте болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жекеменшік такси қызметімен айналысқан Рауан Избасаров Chevrolet Cobalt көлігімен солға бұрылу кезінде қарсы бағыттағы көлікке жол бермеген. Көлікте 32 және 41 жастағы екі апалы-сіңлі отырған.
Соққының қатты болғаны сонша, әйелдердің бірі сол күні жансақтау бөлімінде көз жұмса, екіншісі бір аптадан кейін есін жимастан қайтыс болған.
Қаза тапқан Маржангүлдің үйлену тойы апаттан екі күннен кейін өтуі тиіс болған. Ал үлкені Ақгүлімнен 15 жастағы ұлы мен екі жасар қызы қалған.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, қайғыдан кейін олардың 75 жастағы әкесі көру қабілетінен айырылған.
Мемлекеттік айыптаушы Жұбанов соттан айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Прокуратура өкілдері жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, рұқсат етілмеген жерден қиғаш бұрылыс жасағанын айтты.
Айыпталушы кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Дегенмен ол қарсы бағыттағы Toyota көлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырған болуы мүмкін екенін алға тартқан. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаттары сараптама мұны растамағанын мәлімдеді.
«Мені толық ақтауды сұрамаймын. Бірақ отбасылық жағдайымды ескерсеңіздер деймін. Үш қызым бар. Істеген ісіме шын жүректен өкінемін», – деді Рауан Избасаров соңғы сөзінде.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралып жатыр. Олар жуық арада өз үкімін шығаруы тиіс.