Әлеумет

Прокурор Қамшыбек Тәшиевке 9 жыл түрме жазасын сұрады

Бішкекте өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевті 9 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.

Ташиев пен Жапаров

Сондай-ақ прокурор «75-тің хаты» ісі бойынша айыпталып отырған өзге тұлғаларға да дәл осындай жаза тағайындауды ұсынған. Бұл туралы 24.kg басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. 29 маусымдағы сот отырысы жабық режимде өтті.

Тәшиевке билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген айыптар тағылып отыр. Ол бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ең жақын серіктерінің бірі саналып, елдегі ықпалды саясаткерлердің қатарында болған.

Онымен бірге бұрынғы бас прокурор Курманкул Зулушев, экс-спикер Нұрланбек Тұрғынбек уулу, сондай-ақ Бекболот Талғарбеков, Курсан Асанов, Курманбек Дыйқанбаев, Аалы Қарашев және Эмиль Ұзақбаев та жауапқа тартылмақ.

Қылмыстық істің қозғалуына «75 ақсақалдың хаты» себеп болған. Биыл ақпанда 75 қоғам және саясат қайраткері президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламент спикеріне үндеу жолдап, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған еді.

Осы хат жарияланғаннан кейін келесі күні Тәшиев қызметінен босатылды. Сол уақытта ол Германияда ем қабылдап жүрген.

Тәшиев пен басқа айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамайды. Бұған дейін ол ҰҚМК басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде Садыр Жапаровты қолдайтынын және президенттік сайлауға қатыспайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз