Қазақстанда электросамокаттарға қойылатын талаптар күшейтіледі
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану ережелері айтарлықтай қатаңдатылады.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми жауабында айтылған.
Қазір елде 35 мыңнан астам электросамокат бар. Оның шамамен 34 мыңы кикшеринг қызметтеріне тиесілі. Соңғы жылдары бұл көлік түрі кең тарағанымен, жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де көбейген.
Жол апаттары мен құқық бұзушылықтар артқан
ІІМ мәліметінше, 2025 жылы электросамокат жүргізушілерінің қатысуымен 374 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 385 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Бір жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 37 621 дерегі анықталған. Биылдың өзінде 6 мыңнан астам пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 680 электросамокат айып тұрағына қойылған.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына жол бергені үшін 116 ата-ана жауапқа тартылған.
1 шілдеден бастап не өзгереді?
Жаңа заңға сәйкес:
жалға берілетін электросамокат пайдаланушылары үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізіледі;
әрбір самокат арнайы есепке алынып, тіркеу нөмірі беріледі;
самокаттардың қозғалысы туралы деректер полицияға жіберіліп отырады.
Кикшеринг компанияларына жаңа міндеттер жүктеледі
Компаниялар:
техниканың жарамдылығын бақылауға;
пайдаланушылардың жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге;
қауіпті аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде төмендетуге;
ретсіз тұрақ қоюға жол бермеуге;
жүргізуші куәлігі жоқ немесе жүргізу құқығынан айырылған адамдарды жүйеге қоспауға;
геоаймақтандыру және цифрлық бақылау жүйелерін енгізуге міндеттеледі.
Самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар
Жаңа тәртіп бойынша жалға берілетін электросамокатты тек:
18 жасқа толған;
кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.
Сонымен қатар мектептер, ауруханалар және әлеуметтік нысандар маңында жылдамдық сағатына 15 шақырымнан аспауы тиіс. Кейбір жаяу жүргіншілер аймақтарында қозғалыс толық шектелуі немесе бұғатталуы мүмкін.
Осылайша Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану жүйесі міндетті сақтандыру, цифрлық есепке алу және автоматты бақылау тетіктеріне негізделген жаңа кезеңге өтпек. Билік бұл өзгерістер жол апаттарын азайтып, қалалардағы қозғалысты қауіпсіз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.