Live

«Әкемнің көзқарасын ешқашан қолдаған емеспін»: Бейбіт Әлібеков әкесінің даулы жазбаларына қатысты пікір білдірді

Respublika партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан әкесі Бақыт Әлібековтің жазбаларына қатысты пікір білдірді.

Бейбіт Әлібеков

Threads платформасында Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасындағы бірнеше жарияланымының скриншоттары тарап, желі қолданушылары арасында қызу талқы басталған. Жарияланымдарда Қазақстанға, қазақ халқына, ел билігінің шешімдеріне және тарихи оқиғаларға қатысты өткір пікірлер айтылған.

Атап айтқанда, Бақыт Әлібеков жазбаларының бірінде қазақтарды кемсіту сипатындағы сөз қолданған. Сондай-ақ Алтын Ордаға қатысты да сын айтып, оны жағымсыз сипатта бағалаған. Өзге жарияланымдарында Қазақстан билігінің саясатына қатысты көзқарасын білдіріп, Ресей мен Владимир Путинге алғыс айтқан. Оның бұл жазбалары әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

Аталмыш жазбалардан кейін Бейбіт Әлібеков әкесінің ұстанымдарына қатысты өз позициясын ашық білдірді. Ол әкесінің пікірлерін қолдамайтынын және бұл туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқанын жеткізді.

«Мен ешқашан әкемнің көзқарастары мен пікірлерін қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым», – деп жазды Бейбіт Әлібеков Threads желісінде.

Оның айтуынша, әкесі мен баласы бір отбасының мүшесі болғанымен, екеуі де жеке тұлға. Сондықтан әр адам өзінің сөзі, әрекеті мен ұстанымы үшін жеке жауап беруі керек.

«Менің әкем екеуміздің екі бөлек тұлға екенімізді ұмытпаған жөн шығар», – деді ол.

Бейбіт Әлібеков сондай-ақ адамның туысының айтқан пікірі немесе жасаған әрекеті үшін жауап бермеуі керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, өзінің жеке көзқарасы, өмірі және жауапкершілігі бар.

Осылайша, әлеуметтік желідегі дау-дамайға байланысты Бейбіт Әлібеков әкесінің жарияланымдарынан алшақ екенін және оның көзқарастарын бөліспейтінін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз