Полиция үш күндік рейдте 2400-ден астам жасөспірімді бөлімшеге жеткізді
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында 1–3 шілде аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Абай мен Ұлытау облыстарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық іс-шара өтті.
Рейдтің негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу. Іс-шараға 3 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды.
Рейд барысында полиция бөлімшелеріне 2400-ден астам жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде 1500-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, ал мыңға жуық жасөспірім қараусыз және панасыз жүргені үшін анықталған.
Жалпы 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 257 ата-ана жауапқа тартылса, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе көшеде жүруіне жол бергені үшін 1500-ге жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ведомство мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.