Қоғам

Жанар-жағармайды заңсыз шығаруға қарсы бақылау күшейтілді

Қазақстан Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармайдың ел аумағынан заңсыз әкетілуіне қарсы күресті күшейтіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.

полиция

Қазіргі таңда жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау деректері жиі тіркелетін шекаралық өңірлерде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді. Онда заңсыз тасымалмен айналысатын көліктерді анықтауға, әсіресе жол талғамайтын көліктер арқылы жүзеге асырылатын схемаларды әшкерелеуге ерекше назар аударылуда.

Полиция мәліметінше, жанармай багы ұлғайтылып қайта жабдықталған көліктердің көбі Жамбыл облысында тіркелген. Мәселен, Қордай ауданында жүргізілген тексеру барысында құрылымы заңсыз өзгертілген автобус анықталған. Оның ішінен әрқайсысының көлемі 600 литр болатын жасырын қосымша жанармай бактары табылды.

Соңғы екі айдың өзінде құқық қорғау органдары шамамен 17 тонна жанар-жағармайдың заңсыз тасымалдануына жол бермеген. Сонымен қатар қайта жабдықталған жанармай бактары орнатылған 87 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, көліктерді заңсыз қайта жабдықтайтын техникалық қызмет көрсету станцияларын анықтау жұмыстары да жүргізілуде. Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлескен тексерулер барысында қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысқан 16 техникалық қызмет көрсету станциясы тексерілді.

Нәтижесінде алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.Ішкі істер министрлігі елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің заңсыз шығарылуына жол бермеу бағытындағы кешенді шараларды жалғастыратынын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл мәселе Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.

Тегтер: полиция
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз