«Фридом Финанс» «ҚазТАГ»-пен дауды медиация арқылы шешуге дайын
«Фридом Финанс» АҚ «ҚазТАГ» ақпарат агенттігімен арадағы сот дауына қатысты мәлімдеме жасап, істі медиациялық келісім арқылы реттеуге дайын екенін хабарлады.
Компанияның мәліметінше, басты мақсат – материалдық өтемақы өндіру немесе журналистерден жария түрде кешірім сұрату емес, іскерлік беделді қорғау және шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуын тоқтату.
«Фридом Финанс» өкілдерінің айтуынша, бұған дейін агенттікке жолданған сотқа дейінгі талапта даулы материалдарды алып тастау, оларды жоққа шығару және жалған ақпараттың таралуын тоқтату талап етілген. Алайда редакция бұл ұсыныстармен келіспеген соң, компания азаматтық талап-арыз беріп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Компания медиациялық келісім жасау үшін үш негізгі шарт ұсынды.
Бірінші шарт бойынша «ӨазТАГ» агенттігі жариялаған материалдардың шындыққа сәйкес келмейтінін және «Фридом Финанс» АҚ-ның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мойындауы тиіс.
Екінші шартқа сәйкес, редакция Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 38-бабына сай ресми жоққа шығару материалын жариялап, даулы материалдарды барлық платформалардан алып тастауы қажет.
Үшінші шарт – жалған ақпарат таратқаны және масс-медиа туралы заңнаманы бұзғаны үшін кінәні мойындау туралы тармақты келісімге енгізу.
Компания мәлімдемесінде медиацияға дайын екенін тағы да растап, бұқаралық ақпарат құралдарын ақпараттың нақтылығы мен объективтілігі қағидаттарын сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін «Фридом Финанс» пен «ҚазТАГ» арасында жарияланған материалдарға байланысты сот дауы басталған болатын. Компания агенттіктің бірқатар жарияланымдарын жалған және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп бағалаған.