Сербиядағы жаппай тәртіпсіздіктер: ондаған адам ұсталды
Сербия астанасы Белградта студенттердің наразылық митингі кезінде жаппай тәртіпсіздік болып, ондаған адам ұсталды. Бұл туралы бірнеше шетелдік БАҚ хабарлады.
Тәртіпсіздік Белградтың орталығындағы Pionirski паркі маңында болған. Ол жерде Сербия жоғары оқу орындарының студенттері ұйымдастырған митинг өтіп жатқан. Наразылар ел астанасының орталық Славия алаңына жиналған.
Nova телеарнасы мен Associated Press агенттігінің мәліметінше, полиция шерушілерді заң факультеті ғимараты жағына қарай ығыстырған. Парламент маңында көзден жас ағызатын газ қолданылып, жарық-дыбыс гранаталарының дауысы естілген.
Nova басылымының жазуынша, кейбір наразылар полицияға қарсы фаер, тас және қолдан жасалған жарылғыш заттар қолданған.
Белград прокуратурасы полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандардың барлығы анықталып, заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
«Полиция қызметкерлеріне жасалған мұндай шабуылдарды қатаң айыптаймыз. Бұл — қылмыстық әрекет», - деді ведомство.
Сербия ішкі істер министрі Ивица Дачич тәртіпсіздікке байланысты 23 адамның ұсталғанын хабарлады.
Бұған дейін ондаған мың адам студенттер ұйымдастырған митингіге қосылған. Associated Press агенттігінің мәліметінше, наразылар президент Александар Вучич үкіметінің жаппай шерулерді тоқтатуға бағытталған әрекеттеріне қарамастан алаңға шыққан.
Көпшілік «Студенттер жеңеді» деген ұран жазылған футболкалар мен плакаттар ұстап жүрген.
23 мамыр күні Белградқа Сербияның өзге қалаларынан да автокөлік колонналары келген. Ал Сербияның мемлекеттік теміржол компаниясы жаппай келуді шектеу үшін елордаға қатынайтын барлық пойыз рейстерін тоқтатқан.
Сербияда үкіметке қарсы жаппай наразылықтар бір жылдан бері жалғасып келеді. Олар 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының бетон қабырға құлап, 16 адамның қаза табуынан кейін басталған.
2025 жылдың қаңтарында осы наразылықтар аясында Сербия премьер-министрі әрі Нови-Садтың бұрынғы мэрі Милош Вучевич қызметінен кеткен болатын.
Ал 2025 жылдың желтоқсанында президент Александар Вучич 2026 жылы Сербия парламентіне кезектен тыс сайлау өтетінін растаған еді.