Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 04 Қазан 2024

Amnesty International Қырғызстан билігін 11 журналистке тағылған айыпты алып тастауға шақырды

а
Фото: BBC

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қырғызстан билігін Теміров LIVE және «Айт, Айт Десе» жобаларының бұрынғы және қазіргі 11 қызметкерін босатуға, сондай-ақ оларға тағылған барлық айыптарды алып тастауға шақырды.

Ұйымның мәлімдемесінде AI-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының міндетін атқарушы Денис Кривошеев журналистерге тағылған айыптар «сөз бостандығын басып-жаншуға және журналистерді жұмысы үшін жазалауға негізделген әрекет» деп мәлімдеді.

«Біз Қырғызстан билігін тағы да барлық тұтқындарды босатуға және оларға қарсы негізсіз айыптарды алып тастауға шақырамыз. Теміров LIVE, «Айт, Айт десе» және басқа да барлық тәуелсіз БАҚ еркін және қауіпсіз жұмыс істей алуы керек», - деді Кривошеев.

Ол жалған айыптау арқылы журналистердің аузын жабу әрекеті «адамның сөз бостандығы құқығына кешірілмес шабуыл болып табылады және Қырғызстанның халықаралық міндеттемелерін бұзады» деп қосты.

Айта кетейік, 3 қазанда Бішкектің Ленин аудандық сотында 11 журналистке қатысты келесі сот отырысы өтті. Бұл отырыста айыпталушылар соңғы сөздерін айтып, сот үкім шығарады деп күтілген болатын. Алайда судья жұмысына байланысты үкімді жариялауды 10 қазанға шегерді.