Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:11, 01 Желтоқсан 2023

Қазақша сапалы контент ұсына алуымыз керек

мультфильм
Фото: из открытых источников

Балалардың қиялы ұшқыр келеді, ал ойы әрдайым сан-сақта. Бәрін білсем, көрсем деп тұратындарыда содан. Жаңа дүниеге қызығып, беймәлім нәрселерді ақтара бергісі келеді. Әлбетте, олардың сол таным-түсінігіне сай, миы мен даму сатысындағы қажеттіліктерге шақталған, қызықтыра да алатын, дамыта да білетін балалар контенті қажет екені даусыз.

Бала деген ересектер секілді емес, «міндеттісің», «үлгеруің керек», «қаласаң да, қаламасаң да» сынды таптаурындардан ада. Қанша сабақ оқы, далада ойын ойна, доп қу, әткеншек теп дегенмен, олардың ақпаратты басқаша форматта да қабылдағысы келеді. Бейсаналы түрде жаңа ақпаратпен қоса қызық іздейді. Міне, осының әсерінен балалар мультфильмді, анимацияны жақсы көреді. Бұл индустрия қазіргі таңда едәуір дамып, өте саналы да сауатты сипат алған. Баланы қорықпастан теледидардың алдына отырғызуға немесе ұялы телефоннан сүйікті мультихикаясын қосып беруге болады. Қайсыбірін қарама адамгершілікке, тәртіп пен сыпайылыққа, жаңа дағдыларға үйреутег талпынып тұрады.

Бұрындары Ұлттық арнада күніне болмаса да, сенбі, жексенбі күндері азанғы уақыттарда мультфильм көрсетілетін. Кім де болса сол демалыс күнгі таңды жіберіп алғысы келмейтін. Ал кейіннен, 2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап, «Балапан» телеарнасы өз жұмысын бастады. Тәулігіне 17 сағат хабар тарататын телеарна тұсауын кесе салысымен балалардың сүйікті арнасына айналды. Баласы бар үйдің бәрінде «Балапан» сайрайтын болды. Өйткені онда арнайы балаларға арналған контент ұсынылады. Қабылдауға жеңіл, бүлдіршіндердің назарын ұстап тұра алатын қызықты да танымды, әр алуан тақырыпты қозғайтын жан-жақты. Ең қуантарлығы, отандық мультфильидер мен хикаялар көбейе бастады. Көптеген авторлық бағдарламалар мен жобалар кішкентай көрермендердің көзайымына айналды.

Тағы бір кереметі, әлемге аты әйгілі «Дисней»компаниясының жаңа да сапалы туындылары да қазақша сөйлеп жатыр. Олар алдымен прокатта, одан соң телеарналарда көрсетіліп жүр. Осындай озық туыдыларды қазақ тілді аудиторияға, жастарға ұсына алудың өзі жетістік. Арасында соларды қыруар қаржыға аударғанша неге өзіміз мультфильм жасамасқа деп пікір айтуышлар да табылып жатады. Алайда, тақырыпқа тереңірек үңілу керек. Әрине, отандық туындыларды жасау, жарыққа шығару дұрыс. Дегенмен, тек сонымен шектелуге де болмайды. Әрі әлемдік деңгей мен сапаны сақтайтын «Диснейдің» мультфильмдерін қазақшаламасақ, бала оны бәрібір тауып алып орысша көреді емес пе? Сондықтан таразының екі басын тең ұстап, бірін-бірінен бөлмей, бастысы сапалы контент беруді ойлау керек. Түптеп келгенде мұның бәрі ақпарат, мұның бәрі тәрбие, қарым-қатынас. Сондықтан балаларға сапалы қазақша контент беру үшін барлық мүмкін жолдардың қарастырылғаны игі.

Тегтер: