Жасыл экономикаға көшу – уақыт талабы
XXI ғасырда экономикалық өсім туралы түсінік түбегейлі өзгеріп келеді. Егер бұрын елдің дамуы өндіріс көлемімен, табиғи ресурстарды қаншалықты көп игергенімен өлшенсе, бүгінде бұл ұстанымның орнын тұрақты даму қағидаттары алмастырып жатыр. Өйткені табиғаттың мүмкіндігі шексіз емес.
Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, ауа мен топырақтың ластануы, биоалуантүрліліктің азаюы – адамзаттың алдында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Осындай жағдайда әлем елдері «жасыл экономика» моделіне көшуді стратегиялық басымдық ретінде қарастыра бастады.
Жасыл экономика – қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық өсімді қатар қамтамасыз ететін даму үлгісі. Оның негізгі мақсаты – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, көміртегі шығарындыларын азайту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл бағыт экологияны қорғаумен ғана шектелмейді. Ол жаңа өндірістердің ашылуына, инвестиция тартуға, инновацияларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Ел экономикасы ұзақ жылдар бойы мұнай, газ және көмір сияқты табиғи ресурстарға тәуелді болып келді. Алайда әлемдік энергетикадағы өзгерістер мен көміртегі бейтараптығына ұмтылу жаңа талаптарды алға қойып отыр. Сондықтан экономиканы әртараптандыру, энергия тиімділігін арттыру және баламалы энергия көздерін дамыту уақыт талабы саналады.
Соңғы жылдары елімізде жел және күн электр стансаларының саны артып келеді. Қазақстанның табиғи әлеуеті де мұндай жобаларды дамытуға қолайлы. Әсіресе желдің қуаты жоғары өңірлер мен күн сәулесі мол оңтүстік аймақтар жаңартылатын энергия өндірісіне мүмкіндік береді. Бұл тек электр энергиясын өндірудің жаңа тәсілі ғана емес, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де маңызды құралы.
Жасыл экономиканың тағы бір маңызды бағыты – су ресурстарын тиімді пайдалану. Қазақстан су тапшылығы қаупі жоғары мемлекеттердің қатарына кіреді. Сондықтан ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және өндірісте суды қайта пайдалану мәселесі барған сайын өзекті болып отыр. Су – болашақтың стратегиялық ресурсы. Оны үнемдеу экономикалық тиімділікпен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесіне де айналуда.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Топырақтану, агрохимия және экология кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Айгүл Жаппарованыңпікірінше, экология тек заңнан немесе мемлекеттік бағдарламадан басталмайды, ол әр адамның күнделікті мәдениетінен басталады.
«Қазақта «Судың да сұрауы бар» дейді. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін таза су ысыраппен пайдаланылады. Ал көптеген араб елдерінде пайдаланылған су қайта тазартылып, көгалдандыруға және тамшылатып суару жүйесінде өсімдік өсіруге жұмсалады. Бұл – суға деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан су ресурстарын ұқыпты пайдалану, үнемдеу, мәдениетін қалыптастыру – экологияны қорғаудың ең маңызды бөлігі», – дейді ғалым.
«Мені 2017 жылы Қазақстанда өткен EXPO халықаралық көрмесінде Жапонияның көрмесі ерекше әсерге бөледі. Сол жерде жапон мамандары Қазақстанның табиғи ресурстарға өте бай мемлекет екенін, ал өз елдерінде жер ресурстары шектеулі екенін, есесіне, теңіз суы мол екенін айтты. Соған қарамастан олар ғылым мен технологияның арқасында қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, теңіз суын әртүрлі өңдеу тәсілдері арқылы ауыл шаруашылығына бейімдеу жолдарын қарастырып, су үнемдеу технологияларын дамытып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар балдырларды пайдалану арқылы энергия алу, баламалы қуат көздерін дамыту, табиғи қорларды үнемдеу бағытындағы жетістіктерін таныстырды. Осы көрме маған бір нәрсені анық ұқтырды: табиғи байлықтың мол болуының өзі жеткіліксіз, ең бастысы – сол байлықты ысырап етпей, ақылмен және ғылыммен пайдалану, – деген пікірін жеткізді.
Қазақстан үшін жасыл экономикаға көшу – таңдау емес, уақыт талабы. Бұл бағытта қабылданатын әрбір шешім келер ұрпақтың өмір сапасына, табиғи байлықтың сақталуына және ұлттық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Табиғат пен экономиканың арасындағы тепе-теңдікті сақтай алған мемлекет қана болашақтың сын-қатеріне төтеп бере алады.
Тоғжан Төлеген