Президент Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы отбасы ұлттың бірегей болмысын айқындайтын әрі мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды институт екенін атап өтті.
«Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл адам капиталын нығайтып, елдің әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Президент отансүйгіштік, заң мен тәртіпті сақтау, табиғатты қорғау, қоғамдық орындардағы тазалық пен халқымыздың озық дәстүрлерін жас ұрпақтың бойына сіңіру ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы қалыптасатынын айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілгенін атап өтті. Биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты да құрылған.
«Әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.