СҚО-да небәрі үш ай ғана қызмет істеген ауыл әкімі өзіне қол жұмсады
Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданына қарасты Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смаилов өзіне қол жұмсады.
Бұл туралы «Криминальный Казахстан» телеграм-арнасы хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 18 мамыр, дүйсенбі күні болған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Белгілі болғандай, Ерлан Смаилов ауылдық округ әкімі қызметіне жақында ғана — 2026 жылдың 17 ақпанында тағайындалған. Мемлекеттік қызметке дейін ол «Майское-Агро» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, соңғы уақытта жергілікті атқарушы билік өкілдері арасында мұндай қайғылы жағдайлар жиілеп кеткен.
Бұған дейін Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өлі күйінде табылған еді. Сондай-ақ Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетовтің суицид жасағаны туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.