Қазақстан Энергетика министрлігі Өзбекстандағы электр ақауына қатысты түсініктеме берді
Қазақстан Энергетика министрлігі Өзбекстандағы электр энергиясының үзілуіне Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат себеп болды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Өзбекстан тарапы ел аумағындағы электр жүйесіндегі іркіліс «көршілес елдің энергетикалық жүйесінде болған апатқа» байланысты екенін хабарлаған.
Ал Қазақстанның Энергетика министрлігі электр энергиясының өшуін Орталық Азияның энергетикалық жүйесі тарапынан электр ағынының күрт өзгеруімен түсіндірді. Осыдан кейін жүйеде апатқа қарсы автоматты қорғаныс іске қосылған.
Ведомствоның қазіргі мәліметінше, KEGOC желілері арқылы электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Ал өңірлердегі энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жекелеген тұтынушыларды электр желісіне кезең-кезеңімен қайта қосып жатыр.