Сараптама

Израиль мен «Хезболла» жаңа шиеленістен кейін бітімге келді

Израиль мен Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысы Ливанның оңтүстігіндегі соңғы тәуліктегі шиеленістен кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді.

Израиль Ливан

Euronews мәліметінше, келісім АҚШ пен Катардың арағайындығымен Израиль және Иран өкілдерімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жасалған.

Сонымен қатар жұма күні Швейцарияда өтуі тиіс АҚШ–Иран келіссөздері Ливандағы әскери жағдайдың ушығуына байланысты кейінге шегерілген.

Израиль тарапы бітімнің күшіне енгенін растады. Алайда ЦАХАЛ әскері Ливанның оңтүстігіндегі буферлік аймақта қала береді және «Хезболла» тарапынан жаңа шабуылдар жасалса, жауап соққыларын қайта бастайтынын мәлімдеді.

Ливан қауіпсіздік қызметтеріндегі екі дереккөз атысты тоқтату режимі басталған алғашқы сағатта Израильдің 10-нан астам әуе соққысын жасағанын айтқан. Кейін мұндай оқиғалар тіркелмеген. Ливан тарабы дрон шабуылынан мотоциклмен келе жатқан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал Израиль бұл мәліметті жоққа шығарып, бітімді бұзбағанын мәлімдеді.

Ливандағы атысты тоқтату режимі 18 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан қашықтан қол қойған негіздемелік бейбіт келісімнің бір бөлігі ретінде енгізілген.

Бастапқыда Израиль өзін бұл келісімнің тарабы ретінде қарастырмаған. Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі елдің төрт әскери қызметкері «Хезболла» дронының шабуылынан қаза тапқаннан кейін «бүкіл Ливан отқа орануы тиіс» деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ АҚШ вице-президенті Вэнс Иранмен мәмілеге қарсы шыққан израильдік саясаткерлерді сынға алып, Трампты Израильдің басты одақтасы деп атады. Ол АҚШ-тың Израиль қорғанысына миллиардтаған доллар бөлетінін еске салып, келісімге қарсы әрекеттерді құптамайтынын айтты.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз