Нұрай Серікбайдың отбасы Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңге өтемақы талап ету себебін түсіндірді
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушы Шерхан Аймаханнан моральдық зиян үшін 10 млрд теңге өндіріп алуды талап етіп отыр.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай бұл соманың әдейі таңдалғанын айтты. Оның сөзінше, отбасы сотталушының қылмыстық жауапкершілікпен қатар, материалдық жауапкершілікті де сезінуін қалайды. Өтемақы мөлшері оның айтуынша, жай ғана төлеп құтылып, болған жағдайды ұмытып кетуге мүмкіндік бермейтіндей болуы керек.
«Сома өте үлкен болуы керек. Оны бірден төлеп, ұмытып кету мүмкін болмауы тиіс. Адам оны өмір бойы өтейтіндей болуы керек», – деді Сұлтан Серікбай.
Сонымен қатар Нұрайдың ағасы 10 млрд теңге оның өмірінің құны емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ешқандай қаражат отбасының жақынынан айырылғандағы қайғысын өтей алмайды.
Егер сот отбасының талабын қанағаттандырып, өтемақы өндірілсе, туыстары бұл қаражатты сталкинг пен зорлық-зомбылықтың өзге де түрлеріне тап болған қыздарға көмек көрсетуге бағыттауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, отбасы шамамен 14,7 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуді талап етуде. Бұл сомаға жерлеу рәсіміне, діни жөн-жоралғыларға, ас беруге, құлпытас орнатуға және тергеу мен сот процесіне байланысты жол жүру шығындары кірген.