Әскери билеттер цифрлық форматқа ауыстырылды
Қазақстанда жұмысқа орналасу немесе оқу орнына қабылдау кезінде әскери билетті түпнұсқада ұсыну туралы талап алынып тасталды.
Енді жұмыс беруші азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді egov.kz электрондық үкімет ресурсын пайдалана отырып, автоматты түрде алады.
Заңнама бойынша заңды тұлғалар азаматтардың әскери қызметіне қатынасы туралы деректерді тіркеуге міндетті. Сондықтан кадр қызметтері бұрын әскери есепке алу құжаттарын (әскери билеттер, тіркеу туралы куәлік, әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама және т.б.) талап еткен.
Қорғаныс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп жұмыс берушінің сұрауына автоматты түрде жауап алуға мүмкіндік беретін интеграциялық жұмыстар жүргізді.
Жеке ұйымдар «Е-Еңбек» ақпараттық жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде «Е-Қызмет» ресурсын пайдалана отырып, қызметкерлердің есебін жүргізетін болады.
Сонымен қоса әскери билет Қарулы күштер қатарында, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткергендерге ғана берілетінін атап өткен жөн.
Фото: baribar.kz