Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасына қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеліп жатыр.Бұл туралы Үкіметтік комиссияның отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бап – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша жүргізіліп жатыр.
Тергеуге ведомствоаралық жедел-тергеу тобы тартылған. Мамандар іске қатыстырылып, сот сараптамалары тағайындалған.
Үкіметтік комиссия отырысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету мәселесі де қаралды.
Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр, өміріне қауіп жоқ.