Әлеумет

Таразда бұрынғы жоғары лауазымды полицейлерге үкім шықты

Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пара алу ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жайдарбек Құттыбаев

Үкімді Тараз қаласының №2 соты шығарды.

Онымен бірге бұл іс бойынша Талас аудандық полиция бөлімінің бұрынғы уақытша бастығы Еркен Абаев та сот алдында жауап берді. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Екеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға тыйым салынды. Сонымен қатар сот оларды арнайы атақтарынан айыру туралы шешім қабылдады.

Сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.

Үкім шығарылар алдында өткен сот жарыссөзінде прокурор бұрын сұраған жазасын өзгерткен жоқ және айыпталушыларға дәл осы мерзімдерді тағайындауды сұрады.

Ал қорғаушылар іс бойынша жеткілікті дәлелдер жоқ екенін айтып, айыптау негізінен жәбірленушінің айғақтарына сүйенгенін, тергеу басынан-ақ айыптау бағытымен жүргізілгенін мәлімдеді.

Жайдарбек Құттыбаев жарыссөз барысында тергеу келтірген деректер оның кінәсін дәлелдемейтінін айтты.

Ол полиция саласында 29 жыл бойы мінсіз қызмет еткенін еске салып, егер расында жәбірленушіні жауапкершіліктен құтқару үшін ақша алған болса, оған қатысты тәртіптік кеңес өткізбейтін едім деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Құттыбаев жәбірленуші өзін ішкі қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің нұсқауымен жала жапты деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, тергеу барысында жәбірленуші айғақтарын тоғыз рет өзгерткен.

Еркен Абаев та өз кінәсін мойындамады.

Оның қорғаушылары айыптау күмәнді айғақтарға негізделгенін және тікелей дәлелдермен расталмағанын айтты.

Сотта Абаевтың әкесі де қоғамдық қорғаушы ретінде сөз сөйлеп, әңгімелердің стенограммасын зерттеген сарапшының қорытындысында пара беру фактісін тікелей дәлелдейтін тұс табылмағанына назар аударды.

Жарыссөз алдында айыптау актісіне бір сөзге қатысты өзгеріс енгізілгенімен, айыптаудың мәні мен прокурор сұраған жаза мерзімі өзгермеген.

Соңғы сөзінде Құттыбаев ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері оған өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазуды ұсынғанын, бірақ бұған келіспегенін айтты.

Екі айыпталушы да соттан өздерін ақтауды сұрады.

Үкімді жариялаған судья сот барысында куәлардан жауап алынғанын, олардың көрсетулері іс материалдарымен салыстырылып тексерілгенін айтты. Сонымен бірге оқиға болған күнгі барлық жағдайлар — кімнің қайда болғаны, қайда барғаны және қандай әрекеттер жасағаны жан-жақты зерттелгенін атап өтті.

Соттың пікірінше, айыпталушылар істің көптеген мән-жайларымен келіскенімен, басты мәселені — ақша алу фактісін жоққа шығарған.

Соған қарамастан сот екі сотталушының да кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді.

Үкім шыққаннан кейін сотталушылардың туыстары сот шешімімен келіспейтіндерін айтып, оны жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаратуға ниетті екендерін мәлімдеді.

Тегтер: Тараз
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз