Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 14 Желтоқсан 2023

1 қаңтардан бастап газ бағасы өседі

Автогаз
Фото: из открытых источников

Қаңтар оқиғасынан кейін билік жанармай бағасын мемлекеттік реттеуге алып, бір жарым жыл өсірмей ұстап тұрды. 2023 жылы сәуірге дейін газ бағасы 50-75 теңге болса, АИ-92 бензині 182 теңге, АИ-95 бензині 215 теңгеден сатылды. Биыл сәуірде ғана бензин бағасы 205 теңгеге, дизель 295 теңгеге өсті. Төрт облыс пен Алматы қаласында автогаз 5-10 теңге қымбаттады.

Осыдан кейін де энергетика саласындағы шенділер елдегі газ бағасы өте төмен екенін жиі айтып жүрді. Олар «әлемдік стандарт бойынша газ құны бензин бағасының 70%-ына жетуі керек» деп санайды.

Қарашаның басында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған отын бағасы кезең-кезеңмен көтеріліп, 110 теңгеге жететінін айтты. Оның ойынша, газдың қазіргі құны кәсіпорындарды шығынға батырып, өндіріс көлемін азайтып жіберген.

Ал қарашаның ортасында энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов 2024 жылдың басында газ тағы қымбаттайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, баға біртіндеп өседі, үш жыл бойы алты ай сайын өзгеріп отырады. Вице-министр «еліміз айына 130-135 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіреді, бірақ халық 145 мың тонна тұтынады, сол үшін тапшылық пайда болады» дейді. Газдың көбін көліктер тұтынады екен. Соған қарағанда, жақында шыққан газ баллон орнатқан машиналарды қатаң бақылауға алу жөніндегі бұйрық та газ үнемдеу мақсатында жасалған сияқты.

Энергетика министрлігі 2024 жылы бірінші қаңтардан бастап бекеттердегі автогаз бағасын мына межеге көтеруді ұсынып отыр:

  • Астанада — бір литрінің құнын 70-тен 76 теңгеге өсіру;
  • Алматыда — 75-тен 81 теңгеге;
  • Шымкентте — 60-тан 64 теңгеге;
  • Алматы облысы мен СҚО-да — 75-тен (шет аудандарда — 80 теңге) 81 және 86 теңгеге;
  • Ақмола облысында — 70-тен (шет аудандарда — 75 теңге) 76 және 81 теңгеге;
  • Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында — 50 (55) теңгеден 54 (59) теңгеге;
  • ШҚО, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында — 70 (75) теңгеден 76 (81) теңгеге;
  • Жамбыл облыстарында — 65 (70) теңгеден 71 (76) теңгеге;
  • БҚО, Қызылорда, Түркістан облыстарында — 60 (65) теңгеден 64 (69) теңгеге;
  • Павлодар облысында — 70 (75) теңгеден 74 (79) теңгеге.