Қоғам

«100 жылға соттаса да, қызым қайтып келмейді»: Марқұмдардың туыстары Zeekr жүргізушісіне кешірім берді

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жүріп жатыр.

Сот отырысы

Бүгінгі процеске айыпталушы Александр Пак онлайн қатысты. Сот отырысында судья Еркін Майшынов тараптардан жауап алу ретін айқындап алғаннан кейін, прокурор Әлібек Күмісбеков айыптау актісін оқыды. Сотталушы Александр Пак өзіне тағылып отырған айыпты толық мойындайтынын жеткізді.

Сонымен қатар бүгінгі сот отырысында жәбірленушілерден жауап алынды. Марқұмдардың туыстары сол күні өздеріне белгілі болған мән-жайларды баяндады.

Әл-фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан Тілемісов пен Теңелбаеваның туыстары сотталушы Александр Пакқа кешірім беретінін мәлімдеді.

«Қызым осы апаттан қаза тапты. Қазір қара жердің астында. Оны (айыпталушыны – ред.) 100 жылға соттаса да қызым қайтып келмейді. Қызым тыныш жатсын деп, кешірім бердім», – деді Теңелбаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова. 

Ал марқұм Тілемісовтың әпкесі Ләззат Тілемісова айыпталушыны толық кешіргенін және оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза немесе шартты жаза тағайындауды сұрады.

«Менің де, туыстарымның да Пакқа қояр ешқандай талабымыз жоқ. Татуласу ешқандай қысымсыз, ерікті түрде болды. Бізге оның құқықтық салдары түсіндірілді. Соттан бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраймыз», – деді Ләззат Тілемісова.

Сонымен қатар жәбірленуші Жолдасова адвокат Шакеевтің қызметінен бас тартқанын хабарлады. Бұған дейін қорғаушы марқұмның туыстары айыпталушыдан 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап қоюы мүмкін екенін айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылы 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болған еді. Қарсы бағытқа шығып кеткен Zeekr маркалы көлік Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Ол ауруханадан шыққаннан кейін бірден тергеу изоляторына қамалған.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде апатқа полицейлер қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты арнайы тексеріс басталған.

Тексеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Маржан Сәбет

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз