Қоғам

15 сәуірден бастап салық органдары мобильді аударымдарды тексере бастайды

Қазақстандықтар мобильді аударымдарды тексеру нәтижесі бойынша салық органдарынан хабарлама ала бастайды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

мобильдік аударымдар

Тексеру қашан аяқталады?

Екінші деңгейлі банктер қазақстандықтардың қаржылық операциялары туралы деректерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдай бастады. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша мәліметтерді беру 15 сәуірде аяқталады.

Осыдан кейін салық органдары мобильді аударымдарды тексеріп, төмендегі негізгі үш критерийге сәйкес келетін операцияларды анықтайды:

– 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан аударым түсуі;
– 3 ай ішінде жүзеге асуы;
– жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асуы.

Аталған талаптарға сәйкес келетін тұлғалар бойынша тізім жасалып, оларға хабарламалар жіберіледі.

Вице-министрдің айтуынша, деректер толық жиналғаннан кейін ай соңына дейін камеральдық бақылау аясында хабарламалар дайындалады. Оларды орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.

«Қазір банктерден мәліметтер келіп жатыр, біз оларды 15 сәуірге дейін қабылдаймыз. Содан кейін тексеру жүргізіліп, заңнамаға сәйкес хабарламалар жолданады. Қанша адамның тізімге ілігетінін әзірге айту ерте», – деді Ержан Біржанов.

Оның сөзінше, тексеру қорытындысы бойынша хабарламалар қазақстандықтарға мамыр айында жіберіле бастайды.

Жаңа талаптардың мақсаты қандай?

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл шаралардың басты мақсаты – іс жүзінде кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ табысын жасырып, салық төлемейтін азаматтарды анықтау.

Соңғы жылдары мобильді аударымдар бейресми есеп айырысудың ең кең тараған тәсілдерінің біріне айналған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз