400 мыңнан астам электронды темекі жойылды
2024 жылдың 20 маусымында вейптарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салатын заңнамалық түзетулер күшіне енгеннен бері ҚМА вейптардың, хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымының 25 фактісін тоқтатқан. Көрсетілген кезеңде заңсыз айналымнан шамамен 22 мың электронды құрылғы, сондай-ақ 7 мың хош иістендіргіш, картридж және буландырғыштар тәркіленді.
Елордада вейптар мен оларға арналған сұйықтықтарды өндіру, сақтау және сатумен айналысқан ірі астыртын цехтың ұйымдастырушысы ұсталды. Қылмыстық топ қолдан жасалған әдіспен глицерин, никотин және жасанды хош иістендіргіштерден тұратын сұйықтықты өндірген.
5 мыңнан астам темекі қоспасымен толтырылған дайын вейптар, 235 литр химиялық заттар — глицерин және пропиленгликоль, хош иістендіргіштер, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрылғылар анықталды. Астыртын цехтың өндірістік қуаттылығы ай сайын 7 мыңнан 10 мыңға дейін электронды құрылғыны құрады. Қолдан жасалған барлық өнім республика бойынша вейпшоптарға таратылып отырған.
Сот үкімімен аталған азамат сотталды. Вейптардың барлық партиясы мен өндіріс жабдықтары жойылды, деп мәлімдеді агенттік.
ҚМА мәліметінше, электронды құрылғыларды шегу барысында бөлінетін буларда 30-дан астам қауіпті заттардың бар екені анықталған, ал қыздырылған кезде бөлінетін канцерогендердің концентрациясы едәуір ұлғаяды.