Қоғам

«Семей орманы» аумағында заңсыз кен өндіру фактісі анықталды

Абай облысында мемлекеттік орман қоры аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Семей

Арнайы табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, заң бұзушылық «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Тау-Дала филиалына қарасты Большебукон орманшылығы аумағында анықталған. Бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады.

Тексеру барысында белгісіз тұлғалардың жер қойнауын заңсыз пайдаланып келгені белгілі болды. Соның салдарынан топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жасыл желектер жойылған және орман қорының жерлеріне елеулі зиян келтірілген.

Орманшылықтың алдын ала есебіне сәйкес, келтірілген шығын көлемі 228 миллион теңгеден асады.

Аталған факіге байланысты прокуратура Қылмыстық кодекстің 334-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Прокуратура өкілдері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз кен өндіру мен шаруашылық қызмет жүргізу заң бойынша жауапкершілікке, оның ішінде қылмыстық жазаға әкелетінін ескертті.

Қадағалау органы экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасатынын және қоршаған ортаға келтірілген әрбір залал фактісіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз