Әлеумет

ӘЧ трансляциясы кезінде Qazsport-та Ресей дрондарының жарнамасы көрсетілген

Qazsport әлем чемпионаты трансляциясы кезінде көрсетілген Ресей жарнамасына қатысты түсініктеме берді

Алабуга

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты аясындағы Испания мен Кабо-Верде құрамалары арасындағы матчтың тікелей эфирі кезінде Qazsport сайтының көрермендері күтпеген жарнамаға тап болды. Трансляция алдында Ресейдің Татарстандағы «Алабуга» арнайы экономикалық аймағының бейнеролигі көрсетілген.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, жарнамада Татарстанға жұмысқа шақыру ұсынылып, оның ішінде дрондарды құрастырумен байланысты қызметтер насихатталған. Осыдан кейін көрермендер Qazsport арнасына мұндай роликтің спорттық трансляция алдында неге көрсетілгені жөнінде сауал жолдады.

Qazsport өкілдері аталған жарнаманы телеарна тікелей орналастырмағанын мәлімдеді.

«Бұл жарнама телеарна тарапынан орналастырылған жоқ және автоматтандырылған контекстік жарнама жүйесі арқылы көрсетілген. Кейбір жағдайларда жарнама берушілер қолданыстағы сүзгілеу тетіктерін айналып өтіп, мұндай хабарландырулар уақытша жарнама блоктарына еніп кетуі мүмкін», – деп хабарлады арна.

Телеарна жүргізілген тексерістен кейін аталған жарнаманың көрсетілуі тоқтатылғанын айтты. Сонымен қатар, осындай жағдайлардың алдын алу үшін сайттағы тікелей эфирлер алдында көрсетілетін контекстік pre-roll жарнамалар уақытша өшірілген.

Бұл оқиға соңғы уақытта «Алабуга» арнайы экономикалық аймағы мен «Алабуга Политех» колледжінің жарнамалық науқаны төңірегіндегі пікірталастар аясында ерекше назар аудартты.

Бұған дейін T-invariant басылымы жариялаған зерттеуде жарнамалық роликтерде кәмелетке толмаған студенттердің дрон өндірісіне қатысатыны ашық айтылғаны көрсетілген. Басылым мәліметінше, бейнероликтерде жасөспірімдер өндірістегі жұмысы мен жоғары жалақы туралы әңгімелейді.

Ал Associated Press агенттігі бұған дейін «Алабуга» кәсіпорнына Африка елдерінен жас әйелдерді жұмысқа тарту жүргізілгенін жазған. Агенттік дерегіне сәйкес, олардың бір бөлігі алдау мен ауыр еңбек жағдайларына шағымданған.

Қазіргі уақытта «Алабуга» арнайы экономикалық аймағы және онымен байланысты бірқатар құрылымдар халықаралық санкциялар тізіміне енгізілген.

Сондықтан мұндай жарнаманың Қазақстанның ұлттық спорт арнасының сайтында, әрі әлем чемпионаты матчының тікелей трансляциясы алдында көрсетілуі қоғамда қызу талқыланып, кең аудиторияға арналған эфирдегі контенттің сүзгіленуіне қатысты сұрақтар туғызды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз