Руханият

Адамды түсіну туралы шығарма

Мұқан дүниеге келген кезең, өмір сүрген уақыт қазақ үшін оңай болмапты. Қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілістің оты әр жерден жылтылдап жатты. 1916 жылдың 25 маусымы күнгі жарлық «бала өлгенше, шал өлсін» деген қазақ ұстанымындағы қарсылыққа әкелді. Әр өңірдегі көтерілісшілер аямай басылып, жаншылды.

Мұқан Иманжанов

 

ерттеуші Арман Сүлейменов: «...Ақмола және Атбасар уездерінің көтерілісшілерінің бір бөлігі жекелеген топ болып Торғай уезінен қарай кетіп, Амангелді отрядына қосылды. Олардың кейбіреулері 1917 жылғы Ақпан революциясына дейін өз бетінше әрекет етті. Қазақстанның көп бөлігінде көтерілістердің жаншылып тастағандығына қарамастан, 1916 жылдың ұлт-азаттық қозғалысы ұлттық сана-сезімінің өсуіне ықпал етті» деп жазыпты. Сөз жоқ солай.

Осылайша, ұлттың жан дүниесі астан-кестен болып, санасында орасан өзгерістер болып жатқан уақытта, ұлт-азаттық көтерілістің бір ошағы болған жерде дүниеге Мұқан Иманжанов келіпті. Одан кейінгі Совет билігінің орнауы, аштық, қуғын-сүргін – бәрі Мұқанның көз алдында өтті. 1935-1938 жыл­дары Алматыдағы есеп-экономикалық тех­никумын оқып бітірген соң, 1938 жылы Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты оқып, радио хабарларын тарату жөніндегі республи­калық комитетте еңбек жолын бастаған. 1942-1949 жылдары «Социалис­тік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім мең­герушісі қызметін ат­қа­рады. Кейін «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып қызметке тұрады.

Осы бір даталарға қарап ақ Мұқанның тұтас өмірі қандай оқиғалардың, саяси-әлеуметтік шиеленісті кезеңдерде өткенін көруге болады. Бұл – адамның жанына ғана емес, психикасына әсер ететін кезеңдер. Өмірді қорқып сүретін, сөзді абайлап айтатын, көп ешкімге сенбейтін уақыт. Сондықтан ғой Мұқанның Баубекпен хат жазысып, сырын ақтаратыны. Мұқан өз елінің адал ұлы болды. Оның адалдығы хаттарынан да, прозасынан да байқалып тұрады. Бұл кезеңдегі қазақтың ақын-жазушылары романтика мен лирикаға көбірек бас ұрып, үмітшіл шығармашылық әлем жасады.

Мұқанның 1938 жылдан басталған әдеби-шығарма­шылық жолы со­ғы­с жылдары жұртқа кеңірек таныс бола бастады. Жазушының романти­ка­лық сарында жазылған көр­кем әңгіме­лері мен очерктері баспасөз бетіне жиі жарияланып, «Жас­тық» деген алғашқы әңгі­мелер жинағы 1948 жылы баспа бетін көрді. Мұқан Ұлытаудың ұланы болған соң ба, авторын «Тауұлы» деп көрсеткен.

Осы алғашқы кітабы мен соңғы аяқталмай қалған «Көк белес» романының арасы небәрі он жыл екен. Осы жылдар ішінде «Таныс қыз» әңгімелер жинағын, «Алғашқы айлар» повесін, «Азамат даусы» атты публицистикалық еңбегін, «Жас өмір», «Менің махаббатым», «Сөнген шала» пьесаларын жариялап үлгерді.

***

Мұқан – өз дәуірінің перзенті. Көзін ашып, ес білгелі Советтік биліктің ұранын естіді. Өзі соған қалқысыз сенгендей әсер қалдырады. Ең бастысы, тұтас шығармашылығында адамдықты, адамгершілікті насихаттады. Ұлт басындағы қасіретті көре жүріп, болашаққа алаңдады. Өзінен гөрі өзгені, бүгіннен гөрі ертеңді көп ойлады. Адамның жақсылық үшін жаралғанына сенді. Бізді де сендірді. Жамбыл атындағы республикалық бәйгеден жүлделі болған, жазушы атын көпке кеңінен таныстырған «Алғашқы айлар» повесі осы ойдан, асыл мақсаттан туған шығарма деп айтар едік.

Мұғалім Жақыпбектің бейнесі арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі немесе тәрбиелеу жұмысындағы олқылықтарды көрсетіп, оны түзетудің методикасын жазды. Көркем шығарма арқылы жазылған методика деп қабылдауға болатын шығар. Мұқан туралы жазылған дүниелерді оқып отырсаңыз, нақ осы шығарманы жазар алдында жазушы педогогикалық еңбектерді зерттегенін көресіз. «Мұқан Иманжанов шығарманы жазар алдында көптеген орыс жазушыларының шығармаларымен танысып шыққан. Бұл ретте оған Толстой, Горький және т.б. танымал классик жазушылардың шығармалары, сондай-ақ Ушинский, Макаренконың педагогикалық еңбектері жақсы көмектесті. Сөйтіп, биология, ботаника, физика және т.б. мектепте өтетін жаратылыстану ғылымы саласындағы пәндермен танысады. Сол білімнің арқасында сұрапыл соғыстан енді ғана ес жиып келе жатқан еліміздің сол таңдағы өзекті мәселелерін көтеруге атсалысады. Ол уақытта әдеби шығарманың идеясы мен көркемдік мазмұнына айрықша мән берілгендіктен, барлық жазушы сол талапты ұстануға тиіс болды. Ал Иманжанов өзіне жақсы таныс заман шындығын көрсете отырып, соғыс зардабынан енді айығып келе жатқан елдің ертеңгі келбетіне, келешегіне айналатын жас ұрпақты қалай жаңаша тәрбиелеу керек деген өзекті сауалға жауап іздейді» деп жазады Н.Айдархан.

«Алғашқы айлар» повесінде Жақыпбектің ауылға директордың орынбасары болып барып, сол алғашқы айларында қалай жұмыс істегені баяндалады. Кеңіп, қайта құрылған мектептің ендігі бағыты – оқушыларды жақсы оқытып, ауылда маман ретінде ұстап қалу мәселесі қозғалады. Мұғалім еңбегі, ауыл мектебінің тынысы, тәрбие мәселесі мазмұн жүгін көтеріп тұрғанымен, мұнда бала тілін тауып, бала жанын түсіну мәселесі бар. Тіпті ұстаз бен ұстаздың, адам мен адамның, маман мен маманның тіл табысып, түсінісіп кетуі ғана жұмысты ілгері бастыратыны повестің идеяларының бірі болса керек. Расында да, повестің сыртқы сюжеті оқыту, тәрбие беруге құрылған. Алайда шығарманы қайта оқыған сайын оның негізгі мәселесі мектеп те, оқу да емес екеніне көзің жете түседі. Мұқан Иманжанов ең алдымен адамды түсіну туралы жазған.

Адам баласын тану мен түсінудің арасындағы парықты Жақыпбектің оқушылармен, әріптестерімен, ауыл адамдарымен қарым-қатынасына қарап бағамдай бастайсыз. Көп жағдайда біз адамды бір әрекетіне қарап бағалап үлгереміз. Біреу қателік жасаса – жаман, тәртіп бұзса – бұзақы, сабақ оқымаса – жалқау. Ал Жақыпбек – осы қалыптасқан түсінікке қарсы тұрған кейіпкер.

Повестің өн бойында қайталанып отыратын бір ой бар. Ол – адамның табиғаты туралы ой. Жақыпбек балалардың мінезіне қарап бірден қорытынды шығармайды. Оның: «Туысынан жаман адам болмайды» деген пікірі шығарманың идеялық өзегіне айналады. Бұл сөйлем кездейсоқ айтылған сөз емес. Жазушының бүкіл көркемдік концепциясы осы ойдың төңірегінде өрбиді.

Ауылға келе салып, Сапар мен Сейтенді көріп, жалпы оқушылардың тәртібін бір аңғарып қалған Жақыпбек мұғалім көңіліне бір ой түйіп қалады. Бірнеше жоғары сыныптас қосылып, кеңіп жатқан мектептің алдағы жұмысы оңайға соқпасын да сезді. Сол үшін директормен, колхоз бастығымен де ертерек танысып, мән-жайды ұғуа тырысты. Тіпті ауыл адамдарының мектеп туралы ойларын да зерттеді. Жақыпбектің бұл жұмысқа дайындықпен келгені, мәселеге кешенді қарауға тырысатыны бірден аңғарылады. Ауыл адамдары да, мұғалімдердің кейбірі де Сейтендерді тәртіпсіз балалар санайды. Мұндай балалар әр мектепте бар. Сабақтан қашатын, төбелес шығаратын, үлкендердің сөзіне бірден көне қоймайтын, сыныпқа рұқсатсыз кіріп-шыға беретін оқушылардың мінезі ұстаздарға ежелден таныс. Тек соны қалай түзеу керегін ойлайды. Бірақ қызығы – Мұқан Иманжанов олардың қылығын емес, сол қылықтың себебін зерттеуге тырысады.

Осы тұрғыдан келгенде Сапар – повестегі күрделі кейіпкерлердің бірі. Оны бір ауыз сөзбен «тентек бала» деп атай салу шығарманың көркемдік табиғатын тым жеңілдетіп жіберер еді. Сапардың мінезінде қарсылық бар. Бірақ бұл қарсылық жамандықтан туған қарсылық емес. Ол өзін мойындатқысы келеді. Өзінің бар екенін сездіргісі келеді. Ересектердің бәрі оған бұйрық беруге құмар сияқты көрінеді. Сондықтан ол әр сөзге қарсы жауап қайтаруға дайын тұрады.

Баланың осындай психологиясын жазушы ерекше дәлдікпен көрсеткен. Сапардың кейбір жауаптары дөрекі естіледі. Бірақ шығарма соңына қарай оның бойынан мүлде басқа қасиеттер көріне бастайды. Жазушының шеберлігі де осында. Ол кейіпкерге дайын мінездеме бермейді. Кейіпкердің ішкі әлемін біртіндеп ашады.

Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнерін адам санасының үш негізіне тірейді. Ақылға. Қиялға. Көңілге. «Ақыл ісі – аңдау... Қиял ісі – меңзеу... Көңіл ісі – түю, талғау... Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» деп жазады.
Прозаға біз бүгін қандай анықтама берер едік. Проза – адам өмірінің, болмысының, тіршілік тынысының сөздегі көрінісі дерміз. Мүмкін, мүлде басқаша сипат берерміз. Қалай деген күнде де, прозада өмір болуы керек.

Мұқан Иманжановтың осы повесті жазарда педагогикалық еңбектерді оқуы тегін емес. Оқушы туралы жазып отырып, өмірді ғана емес, бала оқытудың, тәрбиелеудің тәртібін де білу шарт еді. Осы жағынан келгенде Иманжанов Байтұрсынұлы айтқан үш ұстынға табан тіреп отыр.

Сапардың болмысын түсінуге тырысқан жалғыз адам – Жақыпбек. Сондықтан повестегі негізгі тартыс мұғалім мен оқушының арасындағы тартыс емес. Бұл – түсіністік пен түсінбеушіліктің тартысы.

Жақыпбек туралы сөз болғанда оны мінсіз мұғалім ретінде көрсетуге асықпау керек. Ол да қателеседі, ойланады, күмәнданады. Кейде не істерін білмей қалады. Оның ерекшелігі – бәрін білуінде емес, үйренуге дайын болуында. Банумен ақылдасып, ауыл адамдарының пікірін ескеріп, оқушыларды тыңдай алуының да себебі сонда.

Осы тұста шығармадағы Бану бейнесі туралы да айтуға болады. Бану – жаман адам емес. Ол өз ісін білетін, мектеп өміріне әбден төселген мұғалім. Бірақ оның балаларға көзқарасы Жақыпбектен өзге. Ол Сапар мен Сейтенге әлдеқашан баға беріп, қорытынды шығарып қойған. Банудың ойында бұл балалардың бейнесі қалыптасқан. Кейде өмірде де біз сыртқы әрекетіне қарап, я бір көріп, бірден кесім жасаймыз. Бір рет тәртіп бұзған баланы бұзақы санаймыз. Бануда да – осы психология. Ал Жақыпбек бұған келіспейді. Ол баланың бүгінгі қалпын емес, ертеңгі мүмкіндігін көреді. Сондықтан Бану мен Жақыпбектің арасындағы пікір айырмашылығы – екі мұғалімнің дауы ғана емес. Бұл – екі түрлі дүниетанымның қақтығысы.

Шығарманың әлеуметтік салмағын арттырып тұрған кейіпкердің бірі – Күдері. Ауыл өмірінің көрінісі, жаңа мен ескінің арасындағы күрес Күдері арқылы көрінеді. Күдерінің өмірлік тәжірибесі, ол ауылдағы адамдардың тыныш тіршілігін бұзғысы келмейді. Жақыпбекті жылы қарсы алғанымен, оның айтқан жаңашылдықтарын, өзгерістерін басында қабылдамайды. Бірақ соңында оның заман қажеттілігінен туғанын түсінеді. Мектеп ісіне кедергі болған адамдарды да ашық айыптай бастайды. Бұл оның азаматтық ұстанымы, дүниетанымы өзгеріп келе жатқанын көрсететін.

Қандай шығарма не туралы жазылса да, оның басты нысаны – адам. «Алғашқы айларды» тек мұғалім, мектеп туралы шығарма деп қабылдамау керек. Бұл заман өзгерісі кезіндегі адамдардың шешімдері мен әрекеттерін, қарсылықтары мен қайшылықтарын көрсететін шығарма.

Адам табиғаты, оның жаратылысының философиясы, психологиясы үнемі зерттеуді, ұдайы бақылауды қажет етеді. Өнер де содан туған. Адам мен адамның түсінісуі де әдебиетімізде бұрыннан келе жатқан тақырып. Біз «Алғашқы айларды» қайталап оқысақ, осы үшін оқиды екенбіз.

***

Өткен дәуірдің әдеби ортасы, мінезі туралы айтқанда, Мұқан Иманжановтың есімі кішіге қамқор, айтарын тура айтатын жазушы ретінде аталады. Ол уақыттарда әдебиетті тәрбиенің құралы ретінде көбірек қарайтын. Идеологияның бір құралы ретінде саясаттан оқшау ғұмыр кеше алмаған жазушылар одағында әділеттің сөзін айтқан, айта алған кісі де өзі екен. Соғыс уақытында журналистік өмірге араласып, жазушылығын қатар алып жүрген Иманжановтың інісі болған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аузынан естіген сөз еді. «...Елу төртінші жылы қыста мен кел­генде Мұстафин «Қарағандыны» жаз­ған. Мұстафиннің кабинетінде талқылап жа­тыр екен. Мұқан Иманжанов диванда жа­ғын таянып, көзін жұмып, қисайып отыр­­ды. Қол-аяғы ұзын, басы үлкен, бойы се­рейген қалпы отыр. Бәрі төрт сағат бойы мақтады. Ғабиден Мұстафин шалқып отыр. Бір кезде Ғабиден: «Ал енді көп сөйледің­дер. Сендерге рахмет! Пікірлеріңді тыңда­дым. Доғарсақ», – деді. Кіл мақтау еді. Сол кез­де Иманжанов көзін ашып алды да, қо­лын жақтаудан алмастан көтерді. Ғаби­ден: «Мұқан, сөйлейсіз бе?», – деді. «Иә» деп, ә дегеннен тас-талқанын шығарып, сы­нап кетті. Жүзі жайнап отырған Ғабиден бір қызарып, бір бозарып, сұп-сұр отырды. Ға­биден керемет шыдамды адам еді. Шы­да­май, дауысын көтеріп: «Мұндағы кісілер төрт сағат мақтады. Сен бір жылы сөз таба алмадың. Сонда сен білгіш те, мыналарға күл шашып отырсың ба?», – деді. «Жоқ, мен пі­кірімді айтып отырмын», – деді. Ғабиден бір­деңе деді, ол да жауап айтты. Сосын: «Ме­нің пікірім осы. Қалғанын өздерің бі­лің­дер», – деді де шығып жүре берді. Ол ылғи осындай принципшіл адам еді».

Өзім тоқсанға таяған қарт жазушыны көріп отырып, өмірден ерте озған ағасы туралы тебіреніп, еске алғаны маған қатты әсер етіп еді. Ол уақытта жасы үлкен қаламгердің кішіге қарайласып, үнемі қамқор болуы шарт сияқты болыпты. Әбу Сәрсенбаевтың, Әбділдә Тәжібаевтың ағалық-ақсақалдық мінездерін ақындар көп айтқанмен, жазушылар дәл ақындардай аңызға айналдыра алмағандай көрінеді. Осы сөзіне қоса, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтерге сол уақытта Мұқан жасы үлкендігін пайдаланып, көп қамқорлық көрсеткенін айтып еді.

Қазір біз тенденциялардың ықпалында жүрміз. Не сәнге айналса, соның соңынан қуамыз. Әдебиетте де солай. Бір кезеңдерде модернизм, постмодернизмнің соңында салпақтаған жастар қазір кәсіпкерлік, тұлғалық даму туралы кітаптардың артында жүр. Тақырыптық, тез оқылатын дүниелерді жазуға, оқуға ұмтылады. Ол үшін кінәлай да қоймаймыз. Бірақ бір кезеңдерде әдебиетіміздің қалыптасуына зор ықпал еткен Мұқан сияқты жазушылар болды. Оның хаттарын, мақала-әңгімелерін оқып отырып, бүгін де кәдеге жаратуға тұрарлық ойлар мен сөздерді көп ұшыратар едіңіз. Біз оларды ұмытуға тиіс емеспіз.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз