Қарағандыда ағаш бұтағы құлап, бес жасар бала қаза тапты
Қарағандыда қатты жел кезінде ағаштың бұтағы құлап, бес жасар бала қаза тапты. Қайғылы оқиға Әлихан Бөкейхан ауданында болған.
Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция.
Қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Мәлімет бойынша, жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жеткен екпінді жел кезінде бес жасар баланың үстіне ағаш бұтағы құлаған.
Дәрігерлер балаға қажетті медициналық көмектің барлығын көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қала алмады.
Айта кетейік, осыған ұқсас қайғылы жағдай биыл жазда Алматыда да болған. 27 маусымда Баум тоғайында отбасымен серуендеп жүрген 19 жастағы Селина Абитованың үстіне қураған ағаш құлаған.
Ауыр жарақат алған бойжеткен жансақтау бөліміне жеткізілген. Алайда 14 күннен кейін ауруханада көз жұмды.
Биіктігі 12 метр болатын қарағаш санитарлық кесуге жататын ағаш ретінде белгіленгенімен, оның айналасы ескерту лентасымен қоршалмаған. Табиғи парк басшылығы сол күні екпінді желден 13 ағаш құлағанын хабарлаған.