Live

«$10,7 млрд қайда кетті?»: Қашағаннан мемлекетке небәрі 2 пайыз кіріс түседі

Қазақстан үкіметі Қашаған кен орнын игеру кезінде жалпы құны шамамен 10,7 млрд доллар болатын келісімшарттар жасасуда заңбұзушылықтар мен жемқорлық белгілері болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) бірнеше дереккөзге сүйеніп жазды.

Қашаған

ICIJ мәліметінше, 2000 жылдары Қашағанды игеруге халықаралық құрылыс компаниялары тартылған кезде шамамен 12 келісімшарт жасалған. Қазақстан тарапы олардың кейбірінде пара беру, мүдделер қақтығысы және шығындарды негізсіз арттыру белгілері бар деп есептейді. Бұл талаптар Қазақстан мен North Caspian Operating Consortium (NCOC) арасындағы 160 млрд долларлық халықаралық төрелік даудың бір бөлігі.

 Іс 2023 жылы басталып, Гаагадағы Тұрақты төрелік сотында жабық режимде қаралып жатыр. Процесс кемінде 2028 жылға дейін созылуы мүмкін. Қазақстан тарапы даулы келісімшарттар Қашағандағы мұнай өндірісінің айтарлықтай кешігуіне себеп болғанын алға тартады.

 Үкіметтің пікірінше, осының салдарынан өнімді бөлу туралы келісімдегі Қазақстанға тиімді шарттар уақытында іске қосылмай, мемлекет қомақты кірістен айырылған. Қашаған - Каспий теңізіндегі әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оны игеріп жатқан NCOC құрамына Shell, ExxonMobil, CNPC, Inpex, Eni, TotalEnergies және «ҚазМұнайГаз» кіреді. Кен орнын игеру құпия өнімді бөлу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады. Құжат консорциум қатысушыларына белгілі бір кезеңге дейін мұнай сатудан түскен қаражат есебінен жобаны іске асыруға жұмсаған шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. ICIJ бұған дейін Қазақстан тарапы төрелік процесінде Қашаған мұнайынан түсетін кірістің 2 пайызы ғана мемлекетке, ал 98 пайызы NCOC қатысушыларына тиесілі екенін алға тартқанын жазған. Ал NCOC Қазақстанның заңбұзушылық туралы айыптарын жоққа шығарады. Консорциум ICIJ-ге берген жауабында қатысушылары келісімшарттар, Қазақстан заңнамасы және қолданыстағы талаптар аясында әрекет еткеніне сенімді екенін мәлімдеген. Қазақстанның Энергетика министрлігі мен жер қойнауын пайдалану құқықтарын басқаруға уәкілетті PSA компаниясы ICIJ сауалына жауап бермеген.

Тегтер: Кашаган Мұнай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз