Әдепсіздік жасаған әртістерге әкімшілік айыппұл салынбақ
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени іс-шаралар кезінде өнер өкілдерінің жөнсіз мінез-құлықтары үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Министрліктің талдау жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған. Оған сәйкес мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде, көрермендермен қарым-қатынас мәдениетін сақтамау, өнер қайраткерлерінің жөнсіз мінез-құлқы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған.
Мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде әртістердің көрермендермен қарым-қатынас жасаудағы орынсыз мінез-құлқы, әртістің мәдени-бұқаралық іс-шаралар барысындағы әдепсіз мінез-құлқы, балағат сөздерді қолдануда, алкогольдік ішімдіктерді ішуде, алкогольдік және/немесе есірткілік мас күйінде болуында, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлар үшін жауапкершілік енгізу ұсынылады, делінген хабарламада.
Министрлік жеке тұлғаларға 150 АЕК (553,8 мың теңге), заңды тұлғаларға 300 АЕК (1,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салуды ұсынып отыр. Бір жыл ішінде осындай бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 200 АЕК (738,4 мың теңге), заңды тұлғаларға 600 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Фото: pixabay