Live

«Әділ сөз» қорының экс-президенті Тамара Калеева Қазақстанда журналистердің қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді

Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының бұрынғы президенті Тамара Калеева Қазақстанда журналистердің қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді.

Тамара Калеева

Оның айтуынша, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін журналистер жұмыс істеу мүмкіндігінен, еркіндігінен және күнкөріс көзінен айырылып жатыр.

«Журналистерді күнкөрісінен айырып жатыр. Жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Еркіндігінен айырады. Билік халықты басқарылатын тобыр деп қабылдамауы керек. Адамдарды еңбегі, ар-намысы, ақыл-парасаты үшін құрметтеу қажет», – деді Калеева «Азаттыққа» берген сұхбатында.

25 жылдан астам журналистикада, кейін 20 жылдан аса «Әділ сөз» қорын басқарған Калеева тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сөз бостандығы әлдеқайда кең болғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары референдумдар мен сайлауды ашық сынай алған.

Журналист кейінгі жылдары тәуелсіз басылымдарға қарсы сот істері көбейгенін айтып, «Дат» газетіне қарсы қозғалған істі, журналист Лира Байсейітованың қудалануын, қызы Ләйланың қазасын, сондай-ақ журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Айдос Садықовқа қатысты оқиғаларды сөз бостандығына жасалған қысымның көрінісі ретінде атады.

Оның пікірінше, қазіргі таңда жала жабу қылмыстық жауапкершіліктен шығарылғанымен, журналистерге азаматтық талап-арыздар арқылы қысым көрсету жалғасып жатыр.

«Бұл – заңнамадағы нүктелік реформалардың салдары. Журналистердің есепшоттары бұғатталып, олар ұзақ сот процестеріне тап болады», – деді ол.

Тамара Калеева сөз соңында Айдос Садықовтың қазасын Қазақстандағы сөз бостандығының қазіргі ахуалын көрсететін ең ауыр оқиғалардың бірі деп бағалап, бұл іске қатысты сұрақтардың әлі күнге дейін жауапсыз қалып отырғанын айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз