Адвокат: Әйгерім Тілеужанова түрмеде аштығын жалғастырмақ
Қаңтар оқиғасында "Алматы әуежайын басып алмақ" болды деп 4 жылға сотталған белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанова бүгін, 14 қарашада асығыс түрде Жауғашты ауылындағы түрмеге этаппен жеткізілген.
Бұл туралы оның адвокаты Айнара Айдарханова хабарлады, деп жазады zhasalash.kz.
"Оны сәрсенбі кешке этаппен әкету керек еді, ал сейсенбі тергеу изоляторына анасы келіп, қоштасып, жылы киімдерін бермек болған. Бірақ таңертең ерте Әйгерімді Жауғаштыға алып кетті. Бұған қарсылық ретінде Әйгерім аштық жариялады. Мұндай асығыстыққа не себеп болғаны түсініксіз. Әдетте сотталғандарды изолятордан түрмеге жіберерде туыстарымен кездесуге мүмкіндік береді" дейді адвокаты.
Адвокаты Әйгерім Тілеужанова аштығын жалғастырып жатқанын айтады. Қорғаушының сөзінше, Тілеужанованың туыстары Жауғашты ауылындағы (Алматыдан 40 км жерде) түрмеге барғанда, оларды карантин деп кіргізбей қойған.
Биыл шілдеде сот "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужанованы 4 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған. Айыпталушылар үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.
Өткен аптада Алматы қаласы соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ал адвокаттар кассациялық сотқа шағымданатынын айтқан.
14 қарашада Алматы қаласы соты аппеляциялық алқа шығарған қаулының толық мәтінін жариялады. Қаулыда сотталушылардың және басқа да адамдардың әрекетінен Алматы әуежайы - 313 850 654 теңге (679 мың доллар), "Эйр Астана" - 5 617 251 теңге, SCAT - 1 436 759 теңге, Qazaq Air 260 млн теңге зардап шеккені айтылады.
Бірінші инстанция әуежай мен әуе компаниялардың өтемақы талап еткен шағымдарын қанағаттандырмаған.
Тілеужанның қорғаушысы қаулыдағы бұл өзгеріс материалдық шығын өтеу туралы шағымдарға себеп болуы мүмкін дейді.