Әлеумет

Адвокат Досқараев тағы да Жыланбаевқа кіре алмағынын мәлімдеді

Адвокат Мейіржан Досқараев сотталған марафоншы Марат Жыланбаевқа тағы да кіре алмағанын мәлімдеді.

Марат Жыланбаев

«Қайырлы күн, құрметті достар! Бүгін 2026 жылдың 30 маусымы. Мен, адвокат Досқараев, Степногорск қаласындағы №4 мекемеге қорғауымдағы Марат Жыланбаевпен кездесуге келдім. Соңғы жеті ай бойы жалғасып келе жатқан жағдай қайталанып, мені тағы да Жыланбаевқа кіргізген жоқ. Себебі біреу ғана – одан жазбаша өтініш жоқ екен. Алайда мұндай өтініш заң бойынша талап етілмейді. Қылмыстық-атқару заңнамасына және еліміздің негізгі заңы – Конституцияға сәйкес, әр азамат заң көмегін алуға құқылы. Бірақ жеті айдан бері осы заңсыздық жалғасып келеді. Кейін мекеме басшысының қабылдауында болып, ол да бұрынғыдай «өтініш жоқ» деген уәж айтты. Мен қайтадан өтініштің қажет еместігін түсіндірдім», – деді адвокат Республика.KZ.media Telegram-арнасында жарияланған үндеуінде.

Досқараевтың айтуынша, кездесуге рұқсат берілмегеннен кейін ол мекеме басшысымен сөйлесіп, Марат Жыланбаевтың мүддесін бес жылдан астам уақыт бойы – үкім шыққанға дейін де, кейін де қорғап келе жатқанын еске салған. Сондай-ақ мамыр айының соңында Ақмола облысы прокурорының орынбасары сотталғанның жеке ісіндегі келісімшарттың өзі қорғаушымен кездесуге жеткілікті негіз екенін түсіндіргенін айтты.

«Мен оған Жыланбаевтың мүддесін бес жылдан астам уақыт қорғап келе жатқанымды айттым. Бірақ мекеме басшысы Медиев келгеннен бері бірде-бір рет Жыланбаевқа кіре алмадым. Бұл нені білдіреді? Меніңше, Медиев өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, әдейі кедергі келтіріп отыр. Бұған дейін бәрі кіретін, басқа адвокаттар да еш қиындықсыз кіреді. Ал неге дәл мені Жыланбаевқа жібермейді? Ол маған Жыланбаевтың жағдайы жақсы екенін, заң көмегіне мұқтаж емес екенін айтты. Алайда қазір оның жазасын жеңілдетуге ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелері қаралуы тиіс. Бұған қоса кассациялық шағым әлі берілген жоқ. Бірақ мен онымен кездесіп, осы мәселелерді талқылай алмай отырмын. Сонымен қатар мекеме басшысы Жыланбаевтың отбасы арқылы адвокаттарға кассация беруді тапсырып, өзі оларды көргісі келмейтінін жеткізгенін айтты. Мұндай сөзді қалай тексеруге болады? Мен Медиевке: егер рас айтса, Жыланбаевтың өзін осында шақырып, менің көзімше айтсын дедім. Бірақ ол бұдан бас тартты. Осылайша қорғауымдағы Жыланбаевтың конституциялық құқықтары өрескел бұзылып отыр. Өткен айда облыстық прокуратураға жүгіндім. Прокурордың орынбасары жеке ісіндегі келісімшарт жеткілікті екенін айтып, мені еш кедергісіз кіргізетіндерін мәлімдеген. Бірақ Медиев облыстық прокуратураның түсіндіруін де елемей отыр. Сондықтан енді Бас прокуратураға да шағымданамыз», – деді адвокат.

Бұған дейін де 2025 жылдың қарашасында адвокат Денис Малюганың  Степногорск колониясында Марат Жыланбаевқа кіре алмағанын хабарланған еді. Ол кезде қорғаушы мұны сотталғанның денсаулығына қатысты мәселелермен немесе кассациялық шағымды әзірлеумен байланыстырған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз