Сараптама

Айгүл Құспан, төтенше және өкілетті елші: Әркімге мәймөңкелейтін солқылдақ ұстаным болып көрінуі мүмкін

Қазақстан шынында да өзінің сыртқы саясатында көпвекторлы қағиданы таңдап, осы жолдан таймай келеді.

Айгүл Құспан, төтенше және өкілетті елші: Әркімге мәймөңкелейтін солқылдақ  ұстаным болып көрінуі мүмкін

Еліміз егемендік алған отыз жылдан астам уақыт көрсеткендей, мемлекетіміздің бұл саяси бағыты дұрыс болып шықты. Оның тайға таңба басқан ақиқат екені сондай, ол дәлелдеуді қажетсінбейді. Көзі қарақты оқырман өзі де түсінеді деген ойдамын. Әрине, көпшілік болғасын түрлі пікір болады, кейде бұл «біреудің көзі жақсы, енді біреудің өзі жақсы» деп әркімге мәймөңкелейтін солқылдақ ұстаным болып көрінуі мүмкін. Шын мәнісінде, бұл мүлдем басқа, әрбір әлемдік оқиғаға арнайы сараланған салмақты көзқарас! Қазіргідей көпполярлық дүние жағдайында біз алпауыт мемлекеттер арасынан өз дауысымызды шығардық. Ұлттық мүдделерімізді қорғап қалу жолында БҰҰ қағидаларын негіз етіп алдық. Соның нәтижесінде барша елдермен өзара түсіністік қарым-қатынасын орната алуымыз – біздің басты жетістігіміз. Осы себепті де бізді әлемде сыйлайтын, халықаралық аренада өз орны бар, беделі жоғары мемлекетпіз. Бізбен санасады және біздің пікірімізге құлақ түреді. Біз Батыс пен Шығыс арасындағы өмірлік мәні бар күретамырымыз. Жаңа Жібек жолы осыған анық дәлел.

Біздегі керемет «жұмсақ күштің» жарқын үлгісі– Димаш Құдайберген

Алдымен дипломат болу оның ішінде, әйел адам үшін оңай шаруа емес екенін айтқым келеді. Шетелдік саясаткерлер, БАҚ өкілдері, қоғами және іскери орталар еліміз туралы алғашқы ой-түйінін қазақ дипломаттарының кәсіби дайындығынан, мәдениетінен, жүріс-тұрысынан алатыны сөзсіз. Осынау қасиеттердің басында ұлтжандылық тегі тұруы керек. Сондықтан мен өз басым мақтанудан аулақ ниетте қазақ дипломаты болғанымды мәртебе санаймын және өзімнің білімді әрі білікті әріптестерімді шын мақтан тұтамын. Шетелдіктер бізде осындай жоғары дәрежелі мамандар бар екеніне және олардың шет тілдерде емін-еркін сөйлейтініне таңғалады.

Сондай-ақ елшіліктеріміздің шақыруымен отандық өнерпаздар да біздің ұлттық мәдениетімізді таныту арқылы талай рет шетелдік көрермендерді тамсандырғанына куә болдық.  Рухани өміріміздегі жетістіктермен таныстыруды әдетте «жұмсақ күш» деп атайды. Біздегі керемет «жұмсақ күштің» жарқын үлгісі әлемге әйгілі әншіміз Димаш Құдайбергеннің өнері емес пе!

Халқымыздың қонақжайлығы мен мейірбандығы біздің ұлттық брендіміз

Елімізге келетін туристер мен журналистер қауымына келсек, оларды Қазақстанда қызықтыратын дүниелер сан алуан. Ғажайып табиғат, халқымыздың қонақжайлығы, Алматы мен Астана секілді әсем қалалар, Алатау мен Ұлытау сияқты тамаша жерлер, Түркістан мен Сарайшық сынды қасиетті мекендер, ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер. Біздегі әлемге аян қасиетті дәстүрлі күй және әншілік өнерімізбен қатар классикалық өнер туындылары да шетелдіктердің қатты қызығушылығын тудыруда. Соның бірі – Тәуелсіздік кезінде дүниеге келген осы өнердің қара шаңырағы «Астана Опера» театры.   

Жалпы шетелдіктердің біз туралы қалыптасатын пікірі ең алдымен өзіміздің ішкі мәдениетімізге байланысты. «Сырт көз сыншы» деп қазақ атамыз не үшін айтқан. Оң әсер қалдырудың ең оңай да қарапайым жолы көшеге қоқыс тастамау, жерге шырт-шырт түкірмеу, дөрекілік көрсетпеу...

Ауыл-қалаларымызда қылмыстың, ұрлық-қарлықтың болмауы, адам қауіпсіздігі, міне, осылардың бәрі еліміз туралы оң пікір қалыптастырудың тәсілі. Қонақ аз отырып, көп сынайтыны белгілі. Еліміз тыныш, жұртымыздың рухани байлығы жоғары болған сайын, туристер көптеп келеді, қарапайым халықтың табысы артады, экономика шикізатқа тәуелді болмай, алға ілгерілейді. Бұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысы бар дүние. Халқымыздың қонақжайлығы мен мейірбандығы біздің ұлттық брендіміз. Сол себепті саналы ұрпақ, білімді буын, мәдениетті қоғам, саналы қауым қалыптастыру біздің басты нысанамыз, биік мақсатымыз.

Сыртқы саясат өте күрделі де аса жауапты сала. Ол асқан ұқыптылықты, біліктілікті, шыдамдылық пен ұлтжандылықты талап етеді. Әрине, бұл қасиеттер баршаға қона бермейді. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз кейбір жерлестеріміздің диванда жалпия жайғасып, сыртқы саясатты табысты жүзеге асырып жатқанын оқисың. Қазақша, не орысша тым орашолақ жазылған бейпілауыз сөздерден жүрегің айниды. Бұл азаматтар Ел, Жер, Отан деген киелі ұғымдардан жұрдай. Біз мықты ел боламыз десек, саналы, білімді, еңбексүйгіш те елінсүйгіш азаматтарымыз ауызбірлікте болуы керек. Себебі сырттан біреулер келіп, төрт құбылалы үйімізді соғып бермейтіні анық.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз