Академик Қайрат Қадыржанов өмірден өтті
Қазақстанның көрнекті ғалымы, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржанов 81 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Қордың көңіл айту хабарламасында:
«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор көрнекті қазақстандық ғалым, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржановтың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қайрат Қамалұлының өмірден озуы – отандық ғылым мен бүкіл еліміз үшін орны толмас ауыр қаза. Ол бүкіл ғұмырын ядролық физиканы дамытуға, жас ғалымдарды тәрбиелеуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға арнап, әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленді. Оның кәсібилігі, ғылымға адалдығы және Отанға қызметі туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен жақындарына, достары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Қайрат Қадыржанов 1945 жылғы 5 желтоқсанда Талдықорған қаласында дүниеге келген.
Ол физика-математика ғылымдарының докторы, профессор және радиациялық физика, ядролық технологиялар мен радиациялық экология саласындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының бірі болды.
Қайрат Қадыржанов Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академияның және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болған. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.