Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:51

Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жеткізілді: іс бойынша сараптама жүріп жатыр

Ақбаян Мұқанғалиева
Фото: скриншот

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған отбасы қырғыны ісі бойынша күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жеткізілді. 

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдағы сот сараптамасы институтына жолданған.

Күдіктіге қатысты стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Қорытынды әзірге дайын емес.

Бұған дейін сот санкциясымен ол Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған еді. Наурыз айының соңында прокуратура егер әйелден психикалық ауытқу белгілері анықталса, оны Алматыда сараптамадан өткізу жоспарланғанын мәлімдеген.

Айта кетейік, күдікті мәртебесіне қарамастан, Мұқанғалиеваға әлі нақты айып тағылып, бұлтартпау шарасы таңдалмаған.

— Күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, сараптамалар нәтижесі алынғаннан кейін беріледі, — делінген прокуратура жауабында.

2026 жылғы 8 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мұқанғалиеваға сараптама тағайындауға оның мінез-құлқы негіз болғанын айтқан.

— Сараптама тағайындауға негіз бар: оның сыртқы мінез-құлқы мен бастапқы жауаптары күмән тудырды. Сондықтан осындай шешім қабылданды, — деген еді ол.

Сұлтан Сәрсемәлиев
Фото: qamqor.gov.kz

Іс бойынша басты күдікті — отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке де кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның нақты қай жерде сараптамадан өтіп жатқаны белгісіз.

Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:

екі немесе одан да көп адамды бірнеше рет өлтіру;

алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық;

алаяқтық.

Прокуратураның мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза болғандардың жеке мүлкін иемдену және олардың малын заңсыз сатумен байланысты.

Айта кетейік, Атырау облысында Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

2025 жылдың желтоқсан айының соңында зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың балалары жоғалып кеткені хабарланған. Олар үйден шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған.

Жоғалған отбасы
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Іздестіру барысында төрт адам жоғалғаны анықталған:

66 жастағы Мақсот Қарабалин;

64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;

35 жастағы Мирамгүл Қарабалина;

32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев.

2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының денесі өз үйінің ауласындағы қорадан табылған.

Көп ұзамай полиция негізгі күдікті ретінде 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевті атады. Ол Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткені анықталған.

Сұлтан Сәрсемәлиев
Фото: ашық дереккөз

24 ақпанда олар Индонезиядағы Сенару ауылындағы қонақүйде ұсталды.

9 наурызда күдіктілер Алматыға экстрадицияланып, Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, жерленген орнын көрсеткен.

Жоғалған отбасы
Фото: скриншот

Олардың денелері Атырау маңындағы Геолог ықшамауданында, бұрын күдікті жалға алған үйдің ауласынан табылған.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.