Ақмола облысында 8 және 12 жастағы екі қыз көлікпен бірге суға кетіп, көз жұмды
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қызылжар ауылы маңында болған қайғылы оқиға салдарынан екі әпкелі-сіңлілі қыз қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы демалыс күндерін табиғат аясында өткізу үшін жасанды су қоймасына барған. Таңертең балалар суға шомылғаннан кейін жағалауда тұрған көлікке киім ауыстыру үшін отырған.
Сол сәтте автокөлік күтпеген жерден орнынан қозғалып, еңіспен төмен қарай сырғып, суға құлаған.
Оқиға бірнеше секундтың ішінде болған. Әкесі бірден қыздарын құтқаруға ұмтылғанымен, көліктің есігін аша да, терезесін сындыра да алмаған. Нәтижесінде автокөлік су түбіне кетіп, 8 және 12 жастағы екі қыз көз жұмды.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.