Ақмола облысында кооператив басшысы мал санын қолдан көбейтіп, мемлекеттен субсидия алған
Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізіп жатқан тергеу барысында «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысына қатысты күдік туындаған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер ақпараттық жүйеге ірі қара малдың саны туралы жалған деректер енгізіп, мемлекеттік субсидия алуды ұйымдастырған.
Атап айтқанда, құжаттарда 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деп көрсетіліп, осы мәлімет негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстар үшін тағы 17 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Нәтижесінде тағы 27 млн теңге көлемінде субсидия негізсіз алынған.
Осылайша, мемлекетке келтірілген залал көлемі 50 млн теңгеден асқан. Кооператив директорына қатысты соттың санкциясымен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.