Сараптама

АҚШ пен Иран бітімге қарамастан қайтадан бір-біріне соққы жасады

АҚШ пен Иран сәуір айында жарияланған атысты тоқтату режиміне қарамастан, осы аптада екінші рет бір-біріне соққы жасады.

ормуз

28 мамыр, бейсенбі күні таңертең Иран бұған дейін шабуыл жасалған америкалық әскери базаға соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

ИРСК өкілдері «кез келген агрессия жауапсыз қалмайды» деп ескертіп, жаңа шабуылдар болса, бұдан да қатаң жауап беретінін айтты. Алайда нақты қай америкалық база нысанаға алынғаны айтылмады.

Осы арада АҚШ-тың одақтасы Кувейт өз аумағына ракета мен дрондар шабуыл жасағанын хабарлады.

АҚШ Бендер-Аббас маңындағы базаға соққы жасады

Бұған дейін АҚШ Иран аумағына соққы беріп, төрт ирандық дронды жойғанын мәлімдеген еді.

Вашингтон әкімшілігінің өкілі америкалық әскерилер Иранның Бендер-Аббас қаласындағы базасына да шабуыл жасағанын айтты. Оның сөзінше, дәл сол жерде бесінші дрон ұшуға дайындалып жатқан.

АҚШ тарапы ирандық дрондар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қауіп төндіргенін мәлімдеді. Вашингтон бұл операцияларды «жоспарланған әрі қорғаныс сипатындағы әрекет» деп атап, олардың мақсаты атысты тоқтату режимін сақтау екенін айтты.

Ирандық БАҚ елдің оңтүстігіндегі Бендер-Аббас порт қаласы маңында үш қуатты жарылыс болғанын хабарлады.

Мұнай
Фото: Максим Шеметов / Reuters

Мұнай бағасы қайта қымбаттады

Екі күн бұрын да АҚШ Иранның оңтүстігіндегі нысандарға бірнеше «қорғаныстық соққы» жасағанын хабарлаған еді. Өз кезегінде ИРСК америкалық MQ-9 дронын жойып, F-35 ұшағына атқылағанын мәлімдеді.

АҚШ пен Иран арасындағы жаңа шиеленіс аясында мұнай бағасы қайта өсе бастады.

Соған қарамастан Вашингтон бұл әрекеттер атысты тоқтату режимін бұзбайды деп отыр. Қазіргі таңда тараптар толыққанды бейбіт келісім бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату режимі 8 сәуірден бері күшінде. АҚШ президенті Трамп 25 мамыр күні Иранмен келіссөздер «жақсы жүріп жатқанын» айтқан. Алайда келісім жүзеге аспаса, жаңа шабуылдар болуы мүмкін екенін ескерткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз