Сараптама

АҚШ пен Иран тағы да соққы алмасты. Иранда үш адам қаза тапты

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған уақытша келісімнің «аяқталғанын» мәлімдегеннен кейін АҚШ әскері Ирандағы шамамен 90 әскери нысанға соққы жасады.

Ұшақ

 Бұған жауап ретінде Иран да АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына шабуыл ұйымдастырды.

9 шілдеге қараған түні АҚШ әскері Иранға кезекті әуе соққыларын жасады. Трамп бұл әрекетті Иранның алдыңғы күні кемелерге жасаған шабуылына жауап деп атады.

«Бұл – Иранның кеше кемелерді бомбалауына берілген жауап. Егер мұндай әрекет тағы қайталанса, жағдай бұдан да нашарлайды», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кейінірек Дональд Трамп Түркиядағы НАТО саммитінен қайтар жолда Ұлыбританиядағы әскери базада журналистерге мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Иранға өте ауыр соққы бергенін айтты.

«Біз оларға өте ауыр соққы бердік. Мен мұны 20-ның 1-ге қатынасындай дер едім. Олар бізге әр соққы жасаған сайын, біз 20 есе күшті жауап қайтарамыз. Мұны өткен түні жүзеге асырдық», – деді Трамп.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, соңғы шабуылдар кезінде Иранның шамамен 90 әскери нысаны зақымданған. Олардың қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, жағалауды бақылау құралдары, зымырандар мен дрондар сақталған қоймалар, әскери-теңіз күштерінің нысандары және Иран жағалауындағы әскери логистикалық инфрақұрылым бар.

Иранда үш адам қаза тапты

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдің оңтүстік-батысындағы Ахваз қаласының маңына жасалған АҚШ шабуылдары салдарынан үш адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ-тың негізгі соққылары Иранның оңтүстік жағалауында – Ормуз бұғазынан Оман шығанағына дейінгі аумаққа бағытталған.

Нысанаға алынған орындар:

  • Бендер-Аббас – Иранның ең ірі порты әрі Ормуз бұғазындағы әскери-теңіз күштері мен Ислам революциясы сақшылар корпусының негізгі базалары орналасқан қала;

  • Конарак және Чабахар – Пәкістан шекарасына жақын орналасқан жағалаудағы қалалар.

Шабуыл салдарынан Чабахар қаласының бір бөлігінде электр қуаты өшкенімен, кейін электрмен жабдықтау қайта қалпына келтірілген. Сонымен қатар қаладағы теңіз қозғалысын бақылайтын мұнараға да соққы жасалған.

Иран мемлекеттік БАҚ-ының хабарлауынша, елдің оңтүстік-шығысындағы Ираншахр қаласының әуежайына жасалған шабуыл кезінде бір өрт сөндіруші қаза тапқан.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың тағы бір зымыраны Иранның солтүстігіндегі Аққала қаласы маңындағы теміржол көпіріне түскен.

Иран да жауап қайтарды

Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесіне жақын Nournews агенттігі әскери дереккөзге сілтеме жасап, Тегеран жақын уақытта аймақтағы АҚШ базаларына ауқымды шабуыл жасайтынын хабарлады. Бұл туралы Иранның Жоғарғы жетекшісі Можтаба Хоменаидің аға кеңесшісі де мәлімдеді.

Ислам революциясы сақшылар корпусы бейсенбі күні таңертең түнгі АҚШ шабуылдарына жауап ретінде Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларының әрқайсысына екі реттен соққы жасағанын хабарлады.

Иран тарапы АҚШ шабуылдарын қайталайтын болса, жауап шабуылдарының Парсы шығанағындағы өзге америкалық базаларға да таралатынын ескертті.

Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, сондай-ақ Катардағы спутниктік байланыс антеннасына дрондар арқылы шабуыл жасалған.

Кувейтте соққылар Patriot әуе қорғаныс жүйелеріне бағытталса, Бахрейнде АҚШ армиясының жанармай қоймасы нысанаға алынған.

Қазіргі уақытта бұл шабуылдардың салдарынан адам шығыны немесе зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Иран парламентінің төрағасы Мұхаммад Бақир Ғалибаф Ормуз бұғазы АҚШ-тың қысымымен емес, тек «Иранның ережелерімен» ғана ашылатынын мәлімдеді.

Ол сондай-ақ АҚШ «күш қолдану мен өз міндеттемелерін бұзудың енді жазасыз қалмайтынын» әлі түсінбегенін айтты.

Соңғы әскери шиеленіс 17 маусымда қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды тұрақты бейбіт келісімге айналдыруға деген үмітке елеулі соққы болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін де АҚШ пен Иран бір-біріне әуе соққыларын жасаған болатын. Кейін Анкарадағы НАТО саммитінде Дональд Трамп Иранмен соғысты тоқтату мақсатында жасалған уақытша келісімнің күшін жойғанын мәлімдеген еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз