Ақтөбе облысында байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлап, 3 адам зардап шекті
Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылында қатты желдің салдарынан байланыс мұнарасы құлап, жеке тұрған бір қабатты дүкеннің үстіне түсті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқиға салдарынан 3 адам зардап шекті. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетілді.
Қатты дауылдың салдарынан өңірдегі бірнеше нысанға да зақым келген.
Қазір өңірде келтірілген шығын көлемі бағаланып жатыр. Апаттық бригадалар аудан орталығында электр қуаты мен мобильді байланысты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.