Қоғам

Ақтөбеде банк қызметкері әйелді несие рәсімдеуге көндірмек болған алаяқтардан құтқарып қалды

Ақтөбе қаласының тұрғынына өзін жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған.

Полиция

Ол атына сәлемдеме келгенін айтып, оны рәсімдеу үшін телефонға келген SMS-кодты хабарлауды сұраған. Тұрғын бұл сөзге сеніп, кодты айтып қойған. Кейіннен оған тағы қоңырау түскен.

Бұл жолы қоңырау шалушылар өздерін «eGov» қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар оның атына несие рәсімделіп жатқанын және банк шоттарында күмәнді операциялар анықталғанын айтып, жалған ақпарат берген. Осыдан соң әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам қосылған.

Алаяқтар бірнеше күн бойы әйелге психологиялық қысым жасап, оны «қауіптің алдын алу» деген сылтаумен несие рәсімдеуге көндірген. Сенімге кірген алаяқтардың сөзіне сенген әйел банкке барып, несие рәсімдеуге әрекет жасаған. Бірақ банк қызметкері клиенттің күмәнді хабарламаларға жауап беріп жүргенін байқап, алаяқтық белгілерін анықтаған.

Бұл туралы бірден киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабар берілген. Полиция қызметкерлері азаматты бөлімшеге жеткізіп, онымен түсіндіру жұмысын жүргізді. Бастапқыда ол алаяқтарға алданғанын мойындамағанымен, кейін жағдайды түсініп, олардың ықпалынан шықты.

Осылайша 2 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың заңсыз рәсімделуіне жол берілмеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз