Ақтөбеде қоқыс мәселесін көтерген тұрғындарды әкімдік полициямен қарсы алған
Ақтөбеде Тұран ТА тұрғындары қоқыс шығару мәселесін шешуді талап етіп, қала әкімдігіне барды.
Алайда тұрғындардың айтуынша, оларды қала әкімі Азамат Бекет те, оның орынбасарлары да қабылдамаған. Оның орнына әкімдік алдына бірнеше патрульдік полиция жасағы келген.
Тұрғындардың сөзінше, қала маңындағы жаңа ауылда бес жылдан бері қоқыс жүйелі түрде шығарылмай келеді. Соның салдарынан жаздың аптап ыстығында қоқыс шіріп, қолайсыз иіс тараған.
Жергілікті халықтың бірі қоқысты қалаға өзі тасуға мәжбүр болса, енді бірі ауласында өртеп, түтінге тұншығып отырғанын айтады.
Тұрғындар бұл мәселені шешу үшін әкімдік тарапынан нақты шара қабылдануын талап етті.
Кейін тұрғындардың алдына Ақтөбе қаласының Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев шықты. Ол қоқыс мәселесі назарға алынып, оны шешу бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты.
«Қоқыс шығарумен айналысатын арнайы «Нео Плюс» жеке компаниясы бар. Олар келісімшарт негізінде жұмыс істеуге дайын. Бұл тұрғын алабы әлі толық қоныстанып болған жоқ. Сондықтан қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз», - деді аудан әкімі.