Әлеумет

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Прокурор Пакқа 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Пак ісі

Бүгінгі сот отырысында судья Еркін Майшынов сот тергеуінің аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталғанын хабарлады.

Жарыссөзде прокурор Әлібек Күмісбеков Александр Пакқа 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурордың айтуынша, сотта зерттелген дәлелдер мен іс материалдары Пактың кінәсін толық дәлелдейді. Осыған байланысты ол айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді және көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолдануды ұсынды.

Іс бойынша сот жарыссөзі жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен.

Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.

Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз