Әл-фарабидегі жол апаты: Жәбірленушілердің барлығы адвокаттарынан бас тартты
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты қозғалған іс бойынша жәбірленушілер адвокат Олег Черновтың қызметінен бас тартты.
Бұл туралы адвокат Анна Чернова мәлімдеді. Адвокаттар бұл таңдауды құрметтейтінін және көрсетілген сенім үшін алғысын білдіретінін жеткізді.
Қорғаушылардың сөзінше, олар сот барысында қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуді талап етіп, куәларды шақыруға, маңызды сұрақтарды көтеруге және әрбір деректің тексерілуіне күш салған.
Келесі сот отырысында айыпталушыдан жауап алынбақ. Адвокаттар бұған дейін оның сотқа офлайн қатысып, түсініктеме беруін талап еткендерін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл іс бойынша ең маңызды процессуалдық кезеңдердің бірі саналады.
Сонымен қатар олар жәбірленушілердің барлығы материалдық өтемақы алып, айыпталушымен татуласқанын және соттан оған бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрағанын жеткізді.
Адвокаттардың айтуынша, тараптардың бітімге келуі соттың істі толық әрі ашық қарауына кедергі болмауы тиіс.
«Қоғам бұл қайғылы оқиғаға қатысты барлық сұрақтың жауабын алуға құқылы. Сондықтан сот процесінің ашық әрі әділ өтуі маңызды», - делінген мәлімдемеде.
Адвокаттар алдағы уақытта да аталған істің қаралу барысын бақылап, қоғамды маңызды өзгерістер туралы хабардар етіп отыратынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл істе Анна Чернова мен Олег Чернов жол апатынан қаза тапқан Еламанның туыстарының мүддесін қорғаған болатын. Ал бұған дейін аталмыш жол апатында қаза тапқан Құмардың туыстары да заңгер Мейірман Шекеевтің қызметінен бас тартқан еді.