Саясат

Алатау әпсанасы

Садыр Жапаровтың тәуелсіз журналиске берген ашық сұхбатынан кейін Алатаудың арғы бетінде ажың-күжің әңгіме көбейді.

1

Өйткені президенттің «Орнымды Ташиевке бермек едім, бірақ ол дайын болмады» деген сөзі айыр қалпақты ағайынға ұнамай қалды. «Ел басшысының орынтағын неге біреу біреуге беруі керек? Сонда сайлау не үшін өтеді?» деген сауал күш алғанда, есте жоқ ескі замандағы «Сайлау мен Әділ» туралы әпсана жұрт жадына қайта оралды. 

Білесіз ғой, әдетте әпсана атаулы халықтың наным-сенімі мен арман-қиялынан туады. Сосын, ауыздан-ауызға көшіп, түрленеді. Бірақ қанша жерден түрленсе де, әңгіме бастапқы нобайдың желісімен өрбиді. Біз бүгін «тотықұстай түрленген» сол әпсананың «қазақтың қабылдауына» жеңілірек нұсқасын таңдап алдық. Жеңілдетудің мәні мынада: әпсананың қашан және қалай пайда болғанын тап басып айту мүмкін емес. Сондықтан біз Алатаудың арғы бетіндегі «Сайлау мен Әділ» әпсанасының шығу кезеңін бергі беттегі Асан мен Үсеннің заманына «туралаймыз».

«Бай баласы мен жарлы баласы» ертегісін білесіз. Оқиға – ел көшіп кеткенде, ойнап жүріп жұртта қалған екі баланың басынан өтеді. Мұрнынан сорасы ағып, жылаған Асанды жарлының ақылды баласы аман-есен үйіне жеткізеді. Демек, ел сүйсінетін еңбек – Үсендікі. Басы «қорқынышты» басталған ертегінің соңы көңілді аяқталады. Ал қырғыз әпсанасының айтпағы – мүлде кереғар. «Бір әкенің кіндігінен тараған екі бала әлі күнге бір-бірімен кездесе алмай жүр екен...» деп басталады.

Ал неге кездесе алмайды? Мұны түсіндіру үшін шежіреге қарай сәл «шегінеміз». Ерте, ерте, ертеде, бірақ ешкі жүні бөрте болғаннан сәл бертініректе, Алатаудың арғы бетінде Ақиқат деген ақсақал өмір сүрсе керек. Ақиқаттың сақалы да, ниеті де аппақ екен. Ол сөйлесе, бүкіл айыр қалпақты жұрт аузына қарапты. Сол Ақиқаттан Шындық туады да, Шындықтан осы – Әділ мен Сайлау тарайды.

Ақиқаттың өмірден көшкеніне заман жылдар өтіп, Шындықтың мазарына шөп шыққанда, екі бала атадан қалған мал-мүлікті ортасынан қақ бөліп алады да, екі тарапқа бет түзейді. Осы сәтте бүкіл жұртқа танымал Халайық деген бір кісі тектінің қос тұяғына өтініш жасап, былай депті: «Айналайындар, қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар! Бірақ мына елге ие керек екенін ұмытпаңдар. Ең құрса, 4-5 жылда бір келіп, аталарыңа ас беріңдер де, Ақиқаттың ақ туын ұстайтын кісіні көрсетіңдер! Өздеріңе осыны аманат қылдым, қарақтарым! Аманатқа қиянат болмасын!».

«Ләббай», – депті екі жігіт. Сонымен, Халайықпен ақылдаса отырып, ас беретін уақытты ит жылының қоңыр күзіне белгілейді. Түсініп тұрсыз ба, мәселені?! Белгіленген уақытта алдына жаясы дөңгеленген жүз жылқы салып, Әділ келсе, ас әлдеқашан тарқап кеткен. «Қалыстығыңды айт, қария» деп Халайыққа барайын десе, о жарықтық та қартайып, тілден қалыпты. Содан ашуланып, «мен саған көрсетейін» деген Әділ күзге дейін жатып алмақ болып, жазда келеді ғой. Сөйтсе, бауыры ас беріп, ел билейтін адамды нақтылау науқанын арық-тұрық мал сойып, көктемде өткізіп жіберген екен...

«Неге бұлай?» деген сұрақ тумай ма енді? Әрине, туады. Әпсананың осы тұсына келгенде, түрлі-түрлі нұсқа бар. Соның бірі – «Бір биеден ала да туады, құла да туады» дегенге келіңкірейді. Келесі нұсқа – көңілге қонымдырақ. Өйткені мұнда мәселенің төркінін биеден емес, айғырдан іздейді. Әпсананы осылай «желдірдетін» жұрттың дегеніне сенсеңіз, Сайлаудың Ақиқатқа түк қатысы жоқ. Шындық шау тартқанда «құтырып», тоқал алған да, Әділдің бауыры сол тоқалдың құрсағында келген-мыс.

Пенделік қой сол, кейде отыра қалып, әпсанадан да ақиқат іздейтініміз рас. Сондайда ойға келетіні – «Сайлау жеткен жерге Әділдің аяғы неге жетпей қалды? Үйіне іздеп барса да, атасының аруағы үшін бауырының «желкесін үзбей» ме?» дейтін сұрақ. Бұл сауал Алатаудың арғы бетіндегі жұртты да сан мәрте мазалаған сияқты. Өйткені әпсананың «құйрығына» қосылған кейінгі «тармақтарында» мұның да жауабы бар. Онда былай дейді: «Сайлау қу «Сайлау келе жатыр, Сайлау келе жатыр» деген дақпыртты смс арқылы таратады екен де, Әділ атына мініп болғанша, астың соңын тойға ұластырып, тайып тұрады екен».

Хош дейік. Ендеше, Сайлауда бар смартфон Әділде неге жоқ? Мұның жауабы оп-оңай. Халық Ақиқаттың немересін қақ-соқпен ісі жоқ, қулық-сұмдықтан бейхабар жан деп есептейді. (Сондықтан ол ұялы телефонын жұртқа сауын айту үшін емес, бала-шағасының амандығын білу үшін ғана пайдалануы мүмкін...).

Байқадыңыз ба? Әділді жұрттың бәрі жақсы көреді. Оның үнемі кешігіп жүретін кемшілігі «шектен шықса» да, кешіріммен қарайды. Рас, әпсана тыңдап отырып, айранға тойып алған жұрттың ішінде «Осы біздің Әділ тірі ме, өзі?» дейтіндер де бар.

Әрине, тірі! Тірі болғанда қандай! Есіңізде болсын, заманына қарай сәл-пәл түрленіп тұратыны болмаса, әпсана кейіпкерлері ешқашан өлмейді!

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз