Әлем чемпионаты: шоу бар, алтын жоқ
Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астана қаласында өтті.
24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы "Барыс арена" спорт кешенінде өткен байрақты бәсеке жанкүйер қауымның жанарын жаулағаны анық. Өйткені әлем біріншілігіне әлемнің 135 елінен 900-ден аса балуан қатысты. Олардың арасында Олимпиаданың, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.
Астанаға келген қонақтар мен жанкүйер қауым біріншіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып жатыр. Ұйымдастырушылар көрермен жинау үшін жоғары деңгейде шоу ұсына алды. Чемпионаттың жарнамасын жақсы жасады, ұтыс ойындарын өткізді. Соның арқасында күрес көру үшін "Барыс аренаны" бетке алған ағайын аз болмады. Стадионның жанкүйерге толы болғаны балуандарға да ұнағаны анық. Қалың жанкүйердің алдында өнер көрсету әр спортшының арманы екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда елордадағы күрес бәсекесіне жақсы баға беруге болады.
Бірақ жергілікті жанкүйерге керегі – әдемі арена мен шетелдіктердің "бәрекелді" деген қолпаш сөзі ғана емес. Олар өз спортшыларымыздан үздік нәтиже күтті. Әрине, балуандарымыз әлем біріншілігінде алтын медальді күреп алады деп ешкім үміттенген жоқ, бірақ 30 балуанның кемі біреуі тұғыр биігінен көрінер деген үміт болғаны рас. Алайда бұл болжам да орындалған жоқ.
Қазақстандық балуандар әлем чемпионатын 5 медальмен (1 күміс, 4 қола) аяқтады. Қола медальді грек-рим күресінен Исхар Құрбаев (55 келі), Айдос Сұлтанғали (60 келі), Бағдат Сабаз (67 келі) және қыздар күресінен Зейнеп Баянова (50 келі) алды. "Классиктер" мен бұрымды балуандардың ешбірі финалға шыға алмады.
Ал еркін күрес шеберлері 1 күміс медальді қанағат тұтты. Оны 74 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Нұрқожа Қайпанов жеңіп алды. Қайпанов финалда ресейлік Иналбек Шериевке есе жіберді. Осылайша, ол қазақтан шыққан тұңғыш екі дүркін әлем чемпионы (еркін күрестен) атану мүмкіндігінен айырылып қалды.
Қайпанов бұған дейін 2024 жылы Албания астанасы Тиранада алтын медаль алған болатын. Бірақ ол кезде 70 келіде өнер көрсеткен еді. Айта кетерлігі, тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен ересектер арасында әлем чемпионы атанған екі-ақ балуан бар. Қайпановтан бөлек, 2023 жылы Бельградта (Сербия) Ризабек Айтмұхан (92 келі) топ жарған болатын.
Турнир қорытындысы бойынша, 7 алтын, 2 күміс, 6 қола медаль алған АҚШ құрамасы командалық есепте көш бастады. Үздік үштікке Иран (6 алтын, 4 күміс, 5 қола) мен Ресей (4 алтын, 3 күміс, 7 қола) балуандары енді. Қазақстан рейтингте 15-орынға жайғасты.
Күрес түрлерінен әлем чемпионаты Қазақстанда екінші мәрте өтті. 2019 жылы Астана төрінде алғаш рет жаһан біріншілігі өтіп, балуандарымыз 7 жүлде (3 күміс, 4 қола) жеңіп алған. Яғни Қазақстан құрамасы өз жерінде өткен екі біріншілікте алтын медаль ала алмады. Оның үстіне биылғы нәтиже 7 жыл бұрынғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып қалды.
Қуаныш ҚАППАС