Алматы облысының боксшысы Мадира Жұмақан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Алматы облысының боксшысы Мадира Жұмақан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Алматы облысы Ұзынбұлақ ауылының тумасы Мадира Жұмақан Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Жас Алаш.
16-27 қазан аралығында өткен World Boxing ұйымының екінші U19 әлем чемпионатында Мадира Жұмақан 51 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын қорғады. Ол жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, қола жүлдегер атанды.
Әлем чемпионатына 68 елден 474 боксшы қатысып, 20 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Мадира Жұмақанды алғаш боксқа баулып, жаттықтырған бапкері – Жандос Төленді. Әлем чемпионатынан оралған спортшыны әуежайда жерлестері қошеметпен қарсы алды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Будвадағы әлем чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
Ал Алина Құдайгенова (57 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) күміс жүлдеге ие болды.
Мадира Жұмақаннан бөлек, Индира Қыдырмолдаева (60 келі), Данияр Ақбісенов (60 келі) және Еркетаң Жарқынбек (90 келі) қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды.